26.07.2022
  87


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ҚАЙЫПТЫҢ СӨЗІ

Қарсы алдымнан жарқ еттің, айға ұсадың,
Бүгін келіп жаныма қайғы салдың.
Толқын болдым, туладым, қапаландым,
Шатырладым, көктегі жайға ұсадым.
Жас жаныңды қайғы уы жеңбекші ме?
Төңбекшіме, Ақбөбек, төңбекшіме.
Жан даусымды еститін жалғыз жан жоқ,
Мені де сол қасірет меңдетті де.
Мен не етейін, жаным-ау, мен не етейін?!
Жанымменен жаныңды тербетейін.
Мен өлейін, құриын, күл болайын,
Немесе өсіп шығайын - ержетейін.
Менің жаным мұқалмас темір ме еді?!
Қапа, нала іштен жеп кеміреді.
Не істейміз, бұл тағдыр, қалай болмақ,
Қай жолына бастайды өмір енді?
Жүрегіңді қайғы уы жеңбекші ме?
Төңбекшіме, Бөбегім, төңбекшіме.
Қор болғанша кетейік от боп жанып,
Тор, бұғауға махаббат көнбекші ме?!





Пікір жазу