АЛАУ
Қарақұм. Түн іші. Айдала.
Көзге түрткісіз қараңғы айнала.
Сар желіп келемін
Ауылым алдымда
Қапталда қалды ма? –
Деген ой мазалап,
Пысқырды астымда
Жер тарпып қазанат.
Далада,
Қиын жол сапарда
Мүмкін бе бітуі мақсатың,
Болмаса астыңда жақсы атың?!
Жануар сыдыртып желеді,
Парлатып ұшып-ақ келеді.
Ойлаймын «Дәл бүгін күтетін.
Бұ қалай бермеуі бір белгі?
Асып көрейін бір белді".
Сол сәтте қақ жарып тылсымды
Даланың секілді жалауы
Жарқ етті ауылдың алауы.
Саңқ етті маң төбет
Қиядан сезіп-ақ,
Сақтығын қарашы?!
Алаудың маңында
Көзге шалынды анашым.
Жеттім-ау үйге де,
Шыдамды тауыстым.
Ата, ана, апа, аға,
Құшақтар қауышты.
Киіз үй. Саф ауа,
Кең дала. Мол гүлдер!
Жаның жаз,
Көңілің мәз,
Дариға, сол күндер!..
Қараңғы түндерде жол сілтер,
Көрсең гой даланың алауын!
Елестеп өтеді
Сол дархан далада
Алау боп өткен бала күн!
Үмітің, сенімің
Жаныңда жалау боп,
Алдыңнан қол бұлғап,
Тұрса ғой алау боп!