АТЫРАУ
Арма, менің туған өлкем, Атырау,
Алып дене, албырт жүрек батыр-ау.
Әр мекенің сайрап тұрған тарих,
Кең қойныңда миллион дастан жатыр-ау.
Ақ жаңбырлар нөсерлеткен көгімнен,
Махамбеттің жырлары ғой төгілген.
Құрсап аспан, жарқылдаса нажағай,
Исатайдың қылышы-ау деймін, тегінде.
Жағалауды асап жатса көк теңіз,
Күндіз-түні күңіренсе, сөкпеңіз.
Құдіретті Құрманғазы көңілінен,
Кәрі Каспий қағып алған өктем үн.
Сүрлеу кезіп, тағы да алға кетемін,
Талай белден, талай жылдан өтемін.
Шулы, дулы шаһарларды аралап,
Шығам шарлап ата-баба мекенін.
Жарқабақты жарып Жайық өзенім,
Жатқан жоннан талай сырлар сеземін.
Сарайшықтың сары үйінді алқабын
Ойымменен бұрғылаймын, кеземін.
Тайпа біткен тағылықпен қандасып,
Ғұламалар бас қатырған таңды асып.
Мігір таппай мимен жиған дүние,
Қалған шығар жыл астында шаң басып.
Баба тарих, сырласайық, бері қара,
О замандар тастап кеткен ор ғана.
Жыл қартайтқан жұрттарың сыр шертеді,
О, Маңғыстау, ойы-қырың, Шерқала!
Шалқы менің туған өлкем, Атырау,
Алып дене, албырт жүрек батыр-ау.
Асқақ ақын айлар жырлап шыға алмас,
Кең қойныңда миллион дастан жатыр-ау!