КЕТТІМ МЫНАУ ФӘНИДЕН...
Мен кеттім мынау фәниден келмес жыраққа,
Айналсам деп ем мәңгілік сөнбес шыраққа.
Халқыма айтқан қалжыңым қырық жыл бойы,
Өлеңім, жырым, айтысым өлмес бірақ та...
Тірліктен өттім, жұртым-ау, сырымды айта алмай,
Жырым да кетті қайрылмай қыңыр байталдай!
Бала болып келіп өмірге, бала боп барам,
Ойлаған жоқ ем өтер деп ғұмыр байқалмай...
Ақындар өтер шындықты аңсап бір жаны,
Болмадым, әсте байлық пен мансап құрбаны.
Бұл екеуінен қашықтау журген себебім –
«Қайран жұртым» деп жүрегім ән сап тұрғаны...
Құр емеспін деп айта алман кемшіліктерден,
Кемшіліктерді ақынға енші ғып берген!..
«Жаспын» деп қайтем жыланып, жатамын-дағы,
Кілең бір қыршын Жұматай, Кеңшіліктермен!
Отбасым қалды сұраусыз құйын соққалы,
Қалдырған дұрыс оларға үйім жоқ тағы...
Байлық пен мансап қумаған ақын байғұстың
Осылай болып кетеді қиын соқпағы.
Мен кеттім мынау фәниден – анам жылайды,
Жылайды жарым, баурайды баламды қайғы.
Жүректің жырын жеткізер жанашыр жұртқа –
Сиясауыттан сырғып бір қалам құлайды...
Құласа мейлі қаламым, өлмесін жырым,
Жүректерінде жұртымның сөнбесін нұрым!
Мен егер болсам құпия қоңырау – әлем,
Келешек ұрпақ тыңдайды көмбе сыңғырын...
Қош болғын, сәби – халқым-ау, қош болғайсындар!
Әрқайсың маған енді бір бозторғайсындар...
Біріңді-бірің «түрткілеп», «ойнап» келдіңдер,
Ендігі жерде айнымас дос болғайсындар!..
Қош болғайсындар!.