26.07.2022
  96


Автор: Қыдырбай Тұрмағанбетұлы

БӘРІ ӨЗІҢНЕН

Қоян жүгіріп
Ресторанға жылап кірді.
Табалдырыққа сүрініп
Алдымен бір құлап тұрды.
Мұны көрген қасқыр, Қасекең:
(Ептеп мас екен)
-Өзіне жегізіп құмалағын,
Кім де болса
Жанын шығарамын! –
Деп бұлқына
Орнынан тұрды да,
Қоянды қасына ертіп алды.
-Ынжық неме! – деп
Байғұстың шекесінен шертіп алды.
-Мынау ма? – деп түлкіні
Ұстап алып жұлқыды, -
Бұл иттің сен тұрмақ,
Маған істегені көп, тегі!
Қоян міңгірлеп:
-Жоқ, - деді.
-Мынау ма, - деді тағы да
Қарсақты енді көрсетіп.
-Жоқ, - деді қоян шағына, -
Бұл кісімен көрші едік...
Осылайша «Мынау ма?» - деп
Жазығы жоқ керікке барды.
Арқарға да, киікке...
Құс біткенге айқай салды
Қонақтап отқан биікте...
... Қысқасы, «еңбектері» көп болды,
Бірақ, бәрінде де қояннан
жалғыз-ақ жауап: «Жоқ» - болды.
Ақыры, болдырған қасқыр
Зорға басып ентігін:
-Әй, қара басқыр,
Айтсаңшы, енді кім?! –
Деп, қояншығы ұстай қалды.
Сонда барып қоян шынға көшті –
Арыстанды нұсқай салды.
Сол-ақ екен,
Қасқыр ашу шақырып:
-Оу, мақұлық,
Ол – Арекең ғой, Арекең...
Сені жаныма ертіп жүрген
Әсілі, менің түйсігім тар екен.
Бар кінә өзіңнен,
Мен оны ерте сезгенмін
Анау жыпылықтаған көзіңнен.
Енді саған жол қысқа!.. –
Деп, қоянды онсыз да
Салып тұрған дірдекті,
Желкесінен ұстап,
Құйрығынан бір тепті.





Пікір жазу