ЖҰМЫСЫМДЫ «БІТІРДІМ»
(сықақ)
Аудандық АТП-да шопырмын,
Бүгін міне, күліп қойып қулана
Директордың қабылдауыгда отырмын:
-Кәке, бізге су жаңа
Үш машина келіп жатыр,
Жағдайына қарай
Жігіттерге бөліп жатыр, -
Деген сыбысты
Біреуден естіп біліп едім.
Соның бірін сұрайыншы деп
Сізге әдейі кіріп едім.
Машинам ескі, запчасть сұрап
Жүргенім сол қолды жайып.
-Фамилияң кім, шырақ?
-Жолдыбаев.
-Ым... Жолдыбаев сен бе едің,
Былай жаман емес еңбегің...
Бірақ бұл жолы...
Бере алмай отырмын.
Жауапты жолдастардың
Түсірген тізімінен тағы
Фаилияңды көре алмай отырмын.
Ілдалап, істеп бағып
Қолдан келген амалыңды,
Жүргізе тұр бұрынғы жаманыңды.
Кейінде де жаңасы
Келетін болар, шамасы.
Сонда ақылдасып көрерміз,
Біреуін саған берерміз...
Осы кезде стол устіндегі
Ақ телефон шыр етті.
Кідірмей арғы жақтан
Бір жуан дауыс гүр етті.
-Ал-лау!
-Әло.
-Кәкімбісің?
-Ә... Жәке, бұл сіз...
-Ия, біз.
Дауысынан тани кеттім – Жарасын,
Кәдімгі ауаткомда істейтін
Жалғыз түйір нағашым.
-Кәкім-ай, сенен өтініш:
Былай кіші ғой жасың да...
Айтпақшы, ешкім жоқ па қасында?
-Жоқ, а.. бар, біреу отыр...
Жолдыбаев деген шопыр.
-Ойбай-ау. Нұраған ба?
-Иә, сол, Жәке, сіз
Елп етпеуші едіңіз құр адамға,
Бұл жігіт сонда...
Айып етпеңіз сұрағанға...
-Айыбы жоқ, жиенім еді.
Кәкім, бір күні
Қажетіңе жарар бұл ағаң да,
Со баланың...
-Ә, енді өзім де жобаладым.
-Жобаласаң – сол,
Өзің қамқор бол.
-Қамқорлығым емес пе – бүгін,
Кешегі үш жаңа машинаның бірін
Осы жиеніңізге беріп отырмын.
-Рахмет, Кәкім,
Жігіт екенсің, көріп отырмын!..
***
Қой мен енді
Жұмысымды «бітірдім», қайтайын,
Жаңа «тұлпарымның»
Тартымы қалай екен, байқайын.