26.07.2022
  127


Автор: Қыдырбай Тұрмағанбетұлы

«ЖҮРІП КЕТКЕЛІ» ОТЫР

(сықақ)
Шай үсті. Дастархан үсті самсап тұр:
Қанты бар, конфет, балы бар.
Мәмпәси, сары май, наны бар...
Ал, енді біздің айтпағымыз –
Сол нанның
Мынадай мүшкіл халы бар.
Сырты күйген – көмірдей,
Іші шикі – желімдей.
Жайрап жатыр жарықтық
Бір үзімі желінбей.
Осы жерде сіздерден:
-Мұны кім көмген «ерінбей?» -
Деген заңды сұрақ туады,
Әлгі нанның обалына
Жүрегіңіз жылап тұрады.
Мұны көмген, «ерінбеген» -
Шай құйып отырған кісі
Келін деген.
... Иә, сөйтіп, семья мүшелері,
Самсаған наннан жей алмай отыр.
Бәрі іштен тынып келінге
«Мұның қалай?» - дей алмай отыр.
Жей алмайтын себебі –
Нан әлгіндей – «не то» ,,, піскен.
Дей алмайтын себебі –
Келін кеше түскен.
Ол байғұс та қайтсін
Ұялудың рәсімін істеп,
Қыз күнінде үйренбегені үшін
Бармағын тістеп,
Жердің тесігі болса
Кіріп кеткелі отыр.
Ата-енесі рұқсат етсе
«Пекарныйдың оқуына»
Қазір-ақ «жүріп кеткелі» отыр.





Пікір жазу