26.07.2022
  116


Автор: Медет Дүйсенов

БЕС АСЫЛ

Қолымдағы қаламға,
Сын болсын бір, бастадым...
Ашып бере алам ба,
Әр асылдың астарын?!
Әлде, жолда қалам ба,
Көлігімнің жүгі ауып.
Түсірді ойлар алаңға,
Бала сынды жылауық.
Тәуекелдің қайығын,
Ой-теңізде жүздірдім.
Шалалыққа байыдым,
Даналыққа ділгірмін.
Құлаш ұрдым қиынға,
Қабылдар ма сөзімді ел?!
Мың құбылған, миымда –
Кемпірқосақ сезімдер...
О, талабым бағзыдан,
Туыс едік еңбекпен.
Құр қайтпасын қанжығам,
Кезің жоқ-ты кенде еткен.
Жегілмейін жеңілге,
Терең ойға сүңгиін.
Бей-жай болған көңілде,
Соғып өтсін бір құйын!
Қуанышпен қолдастық,
Қанағатым, әрдайым.
Рахымды жолдас қып,
Жолдарымды жалғайын.
Бес асылдан сезінген,
Сырымды айтам, сыналай.
Төрелігі өзіңнен,
Ақын-баба, ұлы Абай!
***
Әр таң сайын асығам,
Ойда мақсат мекендеп.
Талабымды тасыған,
Тұсамасам екен деп.
Шырайлы сөз шыға ма,
Қаламымды қысқанмен.
Жүр, уақыт – ғұлама,
Талабымды ұштаумен.
Талаптарда бар ұшқын,
От бола алса, әрине.
Басталуы әр істің,
Тым ұқсас-ау сәбиге.
Сәби ұғып тұр нені,
Еңбектейді ұмтылып.
Талпынады жүргелі,
Бір жығылып, бір тұрып...
Міне, осылай талапқа,
Басталады жол деген.
Өмір атты алапта,
Кедергі көп көлденең.
Жеңіп шықса, ал мұны –
Талабының барлығы.
Қадамының бар гүлі,
Адамының нарлығы!
Өткен күнге жоқ өкпе,
Әлі есімде бала шақ.
Үлкендерге көмекке,
Қуанушы ек жарасақ.
Су құйып қарт қолына,
Жүрген құйттай баламын.
Алар алғыс оныма –
«Таудай болсын талабың!»
Талап тағы тұрды алда,
Білімі боп мектептің.
Жанымды ашып жырларға,
Болашаққа беттеппін.
«Босқа уақыт кетірме,
Жыр жаз!» деді талабым.
Қағаз-дала бетінде,
Түрен салды қаламым.
Ой мен еңбек бірігіп,
Талапқа осы жалғасар.
Ей талабым, қиялдың,
Тарпаңына шалма сал!
Майы біткен шамдайсың,
Талақ қылсаң талапты.
Түк бітіре алмайсың,
Болсаң-дағы талантты.
Еңсеңді еш түсірме,
Қыран құстай жай қанат.
Берекесіз ісің де,
Талап болса тайғанақ.
Талапсыздық – тұңғиық,
Құлап түскен сорлайды.
Қол бұлғаса бір биік,
Талаптанбай болмайды.
Жаттығамын жүруге,
Ойға сапар шектіріп.
Талаптана білу де,
Түсінгенге, тектілік!
***
Жалқаулықпен жауласып,
Үзем салған шідерін.
Жанаярмен арбасып,
Алқынады жүрегім.
Тер төгіліп маржандай,
Шалқып тұрған шағымда.
Болады бүр жарғандай,
Арман гүлі жанымда.
Еңбек-бақтың күй-әні,
Дәмін татқан түсінер.
Қайдан ұқсын, қиялы,
Қалғып жатқан кісілер.
Ол жеңбейтін қиынның,
Барлығына иланбай,
Тастүлектей түйіндім,
Еңбек-дұғам, имандай.
Қара бұлттай көктегі,
Жабырқаса көңілім.
Жадыратар тек мені,
Жұмыс атты серігім.
Қартайып, күш кетілді,
Еңбек жоқта жаныңда.
Семген ағаш секілді,
Су жетіспей тамырға.
Сәл нәрсені мұң етпе,
Опа бермес отыру.
Жер қазбаған күрекке,
Тап болары-тотығу!
«Қадір тұтам бағаңды!»
Деген, мені тербетті ой.
Дүниеге адамды,
Алып келген еңбек қой!
Ерні шыт-шыт жарылып,
Көні кепкен тақырдан:
Еңбек сенсің,сарылып,
Жұмақ жасап жатырған
Сенсің,менің балама,
Қалдыратын мол мұрам.
Сосын....дарқан далама,
Тағдыры ұқсас домбырам.
Теңеу айтам «Күнсің!» деп,
Жүрген жерің - нұр еді.
Мына әлемнің,дүрсілдеп,
Соққан сенсің жүрегі!
Арнап саған әнді де,
Жыр қыламын еңселі.
Сиынатын мәңгіге,
Пір қыламын мен сені!
Тағдыр сыйы деп ұғам,
Өмір сынын жолдаса.
Не қызық бар? Не қылам?!
Егер еңбек болмаса!
Бақыты үшін халықтың,
Еңбектенсем сүйініп.
Өзі келіп даңқтың,
Тәжім етер иіліп!
***
Жүрген мені жырлатып,
Ойлар, ойлар.. ойлар-ай!
Кетер ме екем шым батып,
Тереңіңе бойламай.
Терең ой – ол, - толған-ай,
Ғашық қылып қойғаны-ай!
Қалай жүрем, толғамай,
Қалай күлем, ойламай!?
Берері жоқ көп ойдан,
Өрелі бір ой артық.
Орағытпай оңайдан,
Мәселені қояр тік.
Бірі қандай ащы да,
Бірі балдай тәтті еді.
Дана ойлар – жақсы да,
Қарау ойлар – «әттеңі»
Ойға керек еркіндік,
Жету үшін заңғарға.
Қамап қойсаң көркің ғып,
Тордағы құс самғар ма!?
Терең ойдың жарығы,
Түспесе егер маңына.
Ондайдың тұл дарыны,
Пайда етсе өз қамына.
Ақыл-ойдың жемісі-,
Қоғам дамып, гүлденсе.
Болар ма, ой жеңісі,
Бастан шықпай сүрленсе.
Сан сауалын қойды әр күн,
Жауап бер деп білгірім.
Бас – ордасы ойлардың,
Соған жүгін ділгірім.
Қазандай бас кәдімгі,
Шақша бас пен қасқа бас.
Тізе берсем табылды,
Тағы, тағы... басқа бас.
Доғарғаным жөн болар,
Тұрған не бар пішінде.
Түйсік қандай, толғанар?
Әңгіме – бас ішінде!
Жемтік күткен, дәмелі,
Қарақұрттай тор құрып.
Бір баста тұр, бәлелі,
Бұғып зорлық, зомбылық.
Біреуінде мөлдіреп,
Қарайды ұлы махаббат.
Біреуінде елжіреп,
Шуақ шашар шапағат.
Біреуінде қазулы,
Ор жатады, бар тұзақ...
Біреуінде жазулы –
«Баю!» сөзі, жалғыз-ақ!
Тәлтіректеп көрінген,
Мастың басын қаралық –
«Арақ керек!» делінген,
Анықтама бар анық.
Ашық ой ма, солғын ба,
Дұрысы мен бұрысы.
Болады екен ойдың да,
-Ірісі мен ұрысы...
Тірлік жолын парақтап,
Ойлауым мұң ажалды –
Тікенімен шабақтап,
Ой-ошаған, маза алды.
Арман ойды ағыттым,
Сүйгеніме нұр жүзді.
Муза келіп шабыттың,
Қанатты атын мінгізді.
Ойым менің терең деп,
Күпір болар жайым жоқ.
Сол тереңдік өлеңге,
Керегіп жүр, уайым боп!
Ғұмыр – қамшы сабындай,
Қимаймын-ау көктемді.
Ойсыз күнім – сағымдай,
Бұлдырайды, жоқ белгі.
Тағат таппас тынымым,
Ойға деген құмарлық –
Сезімімнің шыбығын,
Шығарады шынар ғып.
Мейірімді шуақты,
Ұялатып көзіме.
Маған бақыт сияқты,
Ойланудың өзі де!
***
Сұрақ қоям өзіме –
«Қанағатым бар ма, осы?»
Сонда мені тезіне,
Салып алар, ар-досым...
Пысқырмаймын,
«пышақтап»,
Жатқан аяр өсекке.
Қанағатты құшақтап,
Көз ілемін төсекте.
Балалыққа іш бұрады,
Ойнап көрем санамақ.
Жеті әріптен тұрады,
Құмар қылған қанағат.
Айтсам тәнге қаратып,
Жеті мүшем емес пе.
Жеті шелпек таратып,
Бабамды алам мен еске.
Жұмбағы көп жетінің,
Сықай толған сұраққа.
Жетілігің – жеті күн,
Уақыт-ау, бір апта!
Ұршығындай анамның,
Дөңгеленер күн зырлай.
Қанағатқа тағам мін,
Бұрау басын сындырмай...
Қанағатқа сарапшы,
Болам дей ме тегінде.
Қарар, Жетіқарақшы –
Жеті жұлдыз көгімде.
Жасыратын несі бар,
Күйді қойып кетіп ем.
«Қанағатты есіңе ал!» -
Деп, сыр айтты жетіген.
Қанағатқа қарамау –
Бір бәлеге ұрыну.
Бас көтеріп алады-ау,
Оқ жыландай құнығу.
«Алсам, алсам!» деуменен,
Жанұшырып, жанығып.
Ынсап кетер кеудеден,
Тұрмаса да тарығып.
Толтырсам деп мына үйді,
Обал, сауап – бәрі ұмыт.
Аш қасқырдай ұлиды,
Анталаған әр үміт...
Шыңыраудан, безіне,
Қарағандай сарылып.
Кең дүние көзіне,
Көрінеді тарылып.
Ашкөздіктен бас алар,
Мысық тілеу, жымысқы ой.
Бір күндері жасалар,
Ол – қиянат, қылмыс қой.
Тиын сауып тойынған,
Саудагерге жаным қас.
Қанағатты бойынан,
Іздесең де табылмас.
Бабам сөзі: «Қанағат –
Қарыныңды тойдырған.
Қанағатсыз, жаман-ақ! –
Жалғыз атын сойдырған».
Тамақтансаң, шамаң ба?!
Мөлшерді еске ала біл.
Болса жақсы санаңда,
Қанағатың қарауыл.
Шартық іштер шерте ме,
Мешкейлердің арманын.
Естіп едім, ертеде,
Қарындарын жарғанын.
Айтар екен кім, мынау,
Тырысу деп намысқа:
Түсу деген сұмдық-ау,
Тамақ жеуден жарысқа.
Қанағаты бұйырмай,
Ас жетсе де жерлікке.
Іші кеуіп, сиырдай,
Серейген де ерлік пе?!
Сақтап істен сан ағат,
Асып жүрсің пайдама.
Қарапайым қанағат,
Керексің-ау қайда да.
Өнеге алып өткеннен,
Күлден, қызыл шоқты айыр.
Қанағаты кеткеннен,
Көмек күтпе, жоқ қайыр!
Әуреленбе күн-түні,
Күлден іздеп жалынды.
Қанағатсыздық күлі,
Күйелейді арыңды.
Күлмен көмген көп сұмдық,
Соқтырады саныңды.
Ұшқын атып шоқ-шындық,
Жылытады жаныңды.
«Табиғаттай анадан,
Алу керек үлгіні...
Әкем, сынай қараған,
Былай деді бір күні:
... «Адам үшін, дүние –
Сордың суы, - біл, мұны,
Қанша ішсе де қанбайды,
Кебе берер ындыны.
Басы жерге жеткенше,
Болып біреу жүр құлы.
Қашан жұтып кеткенше,
Тойымсыздық құрдымы...»
Толмай қойды теңгелер,
Түбі тесік қалтама.
«Қанағат» деп дем берер,
Ризамын қалқама.
Бер қанағат құдайым,
Денім сау ғой, шүкірмін.
Ынсап керек лайым,
Байлығыңа түкірдім!
Қаншама, біз күтпеген,
Жаңалықтар, әлі ашар.
Қанағатсыздық деген,
Тек білімге жарасар.
Жалауым боп қалады,
Шыт шүберек жөргегім.
Әлди-әлди... – ана әні,
Тірлігімді тербедің!
Қанағатым барда мен,
Ешқашанда жарлы емен.
Жүрегімде: тұлпардай
Тулап тұрса, арда өлең!
О, қанағат, қанағат...
Сыр бар сенде ғаламат!
Жыр бар сенде ғаламат!
Жоламайды жаманат,
Сен бар болсаң саламат!
***
Қайрымдылық желегі,
Кеуделерде көктесе.
Қалай жүрек сенеді,
Әділеттік жоқ десе?!
Мейірімділік қашанда,
Табынуға тұрар іс.
Ниет бөліп нашарға,
Қамқор болу – қуаныш.
Кейде үнсіз қалдым ба,
Ойға кінә артамын.
Ар-ожданым алдында,
Таразыға тартамын...
Екіжүзді-ау, тегінде,
Жалған қайыр жасаған.
Бірақ өзі көрінбей,
Тас атады тасадан.
Өкінішті, наланы,
Бойыңдағы алаңдар.
Айықтырып алады,
Ақ пейілді адамдар.
Түсінсем де қалауын,
Рахымы жоқтардың.
Аяушылық алауын,
Тұтатуға оқталдым.
Нақақ жанды жатса ұрып,
Қалсам қорғап тепкіден.
Ол өзіме жақсылық,
Жасағаным деп білем.
Барлық ізгі ой топталса,
Асқақ тұрар адамдық.
Рахымды көп болса,
Азаяды жамандық.
Қайыр қылдым, құныққан,
Қадір білмес біреуге.
Қазір соны ұмытқан,
Танауы көк тіреуде.
Дәл осындай оңбаған,
Арамызда жан аз ба?!
Рахым құсы қонбаған,
Сөз шығын ғой, сабазға.
Шіркін көңіл қалмай ма,
Насыбайдан бір атым...
Созар қолын сондайда,
Рахым ғой, рахым.
Рахымға қатты ұйып,
Өткен бабам, сыр аңда:
Шығарады ақ құйып,
Үйге кірген жыланға.
Қаталдық та жат енді,
Асар болса кемерден.
Қаншама қырғын әкелді,
Өткен нәубет өлермен.
Көрдік талай азап біз,
Бүгін міне азатпыз.
Ұлы, ақылды қазақпыз,
Рахымды қазақпыз!
“Өмір барда-өлім бар,
Жақсылықтың жолында әр:
Рахымды болыңдар,
Рахымды болыңдар!”-
Деген дауыс санамда,
Тіл қатады адамға.
Ғашықтықпен қараймын,
Ғажап мынау ғаламға.
Жауыздықтың кәріне,
Тіршілікте өріс тар.
Адамдардың бәрі де,
Рахымға борыштар.
Сонда –арман, мұратың,
Кең пейілің даладай.
Керек бізге рахым,
Тыныс алар ауадай!
***
Талап-тұлпар емес пе!?
Таң асырып мінейін!
Ездік түссе егеске,
Қарсы шауып жүрейін.
Сүйеу болар сасқанда,
Өр талабым бар менің.
Сол ғой бір іс бастарда,
Жетер “Жедел жәрдемім”
Еңбек етем қуана,
Иыққа алып небір жүк.
Тиген маған сыбаға,
Еншім еді өмірлік.
Жүрегім ой тербеткен,
Жалын едің,мұздарсың.
Тек тілегім, еңбектен,
Кейінгіге із қалсын!
Терең Ой-ол, жарық күн,
Нұрландырған санамды.
Соған қарап халықтың,
Берері аян бағамды.
Үңіледі жаныма,
Үміт күткен ертеңім.
Жаям ұрпақтарыма,
Ойларымның өркенін.
Қанағат тұр көңілде,
«Бергеніңе шүкір» деп.
Үлде менен бүлдеге,
Орамай-ақ бүтіндеп!
Жамандықты жолатпа,
Бола берші сен үстем.
Көкіректе қонақта,
Менің аппақ періштем...
Рахым күт, дұшпаным,
Қатыгездік жоқ менде!
Ару өлең құшқаным,
Сезім келіп өпкенде...
Зұлым шықса құтырып,
Рахымды көп пенде.
Болам қыстан құтылып,
Кезіккендей көктемге!
Ойлар қосып ойыма,.
Ізденемін, шарқ ұрам.
Бес Асылды бойыма,
Дарытуға талпынам.
Бес саусақтай бірігіп,
Жұдырықтай түйілсін.
Тұрса солай ұлылық,
Құм қабады қиын сын.
Тебірентсе бай тұлғам,
Көрсе-ау, сондай шағымды ел...
Бес қаруы сай тұрған,
Сияқтанып жауынгер!





Пікір жазу