Поэмалар ✍️
ТУҒАН ЖЕР ҚҰДІРЕТІ немесе шетелдік қазақтың шері
Ақыл сөзін қалмайтын қарт нәті іркіп,
Жабырқаулы, үн қатпастан жатыр түк.
Кейпі бейне қаусап қалған қайықтай,
Құлағандай, арманының аты үркіп.
Көкейдегі аманатын айтпаққа,
Үлкен ұлын жанына алды шақыртып.
Ата сыйлап өскен ұяң қалпында,
Жігіт отыр малдас құрып нар тұлға.
Мөлдірейді тау суындай мейірім,
Шуақ шашқан жанардағы жалтылда.
Әлпетінде айтылмаған сұрақ тұр,
Қандай сыр бар дегендейін қартымда.
Тежеді ме терең ойлар толғағын,
Әке жәйлап қысты ұлының қолдарын.
Күндей ыстық ықыласын ұлына,
Сездіргендей сөйлемей-ақ, сол бәрін.
Кең маңдайды шиырлаған әжімдер –
Жазған жырдай жүріп өткен жолдарын.
...Ұлым менің, сендей жалын шағымда,
Арпалыстым, қарсы жүздім ағынға.
Жетерлік мұң, алдандым-ау сағымға,
Шетелдікпін. Сорым ба әлде, бағым ба?!
Мақсатыңның жұлдызыңдай, Маңғыстау,
Тұрсын жанып, жаңғырығып жадында.
Екен деме мұны әншейін сөз ғана,
Бабаңа ол бесік болған боз дала.
Жалғызына үміт жібін жалғаумен,
Осы жерде дүниеден озды ана.
Сол бір шақта тағдыр жүгін сезінген,
Болатынмын түбіт иек бозбала.
Бұл өмірдің сыбағасы, сыйы көп,
Түсті патша, шағып келген бүйі боп.
Екі басты самұрық құс құлады,
Төңкерісте топшысынан тиіп оқ.
Кедейлер шат, қолға қызыл ту ұстап,
Ал, байлардың бұрынғыдай күйі жоқ.
Ерлерменен біз бірдейміз, бұл анық,
Тендік тиді десті әйелдер қуанып.
Жүргендер көп жұмыс істеп мақтаулы,
Міндетіне зор қоғамдық жүк алып.
Шайпаулары күйеуіне шаптығып,
Шыға келді білектерін сыбанып.
Жаңа заман жақсылықты жайды алға,
Сусындадық білім атты қайнарға.
Бірге барар Қызыл отау үйіне,
Қылықты қыз тірі ме екен, қай манда?!
Қала берді...
қайран тірлік – тұлпардың
Тұяқтары көкше мұзға тайғанда.
О, оны мен көргенімде гүл-қылық,
Қалушы еді-ау ет-жүрегім бұлқынып...
Қызық күндер керуені қалды артта,
Қызыл ішік киген қыздай құлпырып.
Түс сияқты...
Сырласқан сәт, шырын шақ,
Күрсінемін іштей ғана құр тынып.
Арман аймақ ту-у алыстан арайлы,
Сол сүйкімді қалқатай боп қарайды.
Жатпақ мынау жылу беріп жаныма,
Аппақ қырау шалса-дағы самайды,
Немереме әке болдың өзің де,
Айып етпе, аштым сырды талайғы.
Көшкен бұлттай жылжып жатты жылдар да,
Аяқ бастық асу бермес шыңдарға.
Жұрт тағдырын ойламайтын, бірақ та,
Ел басқарттық екі жүзді сұмдарға.
Маңдайды біз соғып алдық шын жарға,
Тауқыметті құлақ керек тыңдарға.
Көнемізді ешкім керек қылмады,
Көңілде жүр жалба-жұлба жұрнағы.
Ұмытылды халқымыздың жадынан,
О, қаншама шежіресі, жырлары.
Ұшырады наурызымыз нәубетке,
Ескішілдік, діншілдік деп тұрғаны.
Кей белсенді билік тиіп тасынды,
Шаш ал десе, қоса алады басыңды.
Қарсы келсең, Кеңес жауы болғаның,
Түсіреді тас төбеңнен жасынды.
Айырмайды жасық пенен асылды,
Кәмпескелеп «итжеккенге» асырды.
Салт-дәстүрден безді қорқып –ел, - ескі,
Көңілдерде қалды көп жай көмескі.
Ішкі дұшпан салып бақты іріткі,
Құбыжық қып көрсетумен Кеңесті
Карл Маркс айтып кеткен дейді ғой,
Біз қуатын көрінеміз «...елесті».
Ортақ болмақ тұтынатын затың да,
Ортақ болмақ қасыңдағы қатын да.
Симайтын іс сияқты бұл ақылға,
Ұқсайды бір ақырзаман жақынға.
«Жекеше» деп біраз үйдің бар малын,
Тартып алып отырғызды тақырға.
Ауыр жағдай қобалжытты халықты,
Сала-сала діңкелетті салықты.
Тірімізде-ақ көзімізге көрсетті,
Теке сақал Голощекин тамұқты.
«Аша тұяқ қалмасын» деп ауылда,
Әкесін мал өлтіргендей жанықты.
«Көппен көрген ұлы той» деп шыдаймыз,
Өңімізде қалмағандай шырайлы із.
Талшық болар шөптің басын қаққылап,
Берекеміз қашты тіпті бір ай күз.
Өлерінде мал да тұяқ серпеді,
Бұға беру жөнсіз дедік бұлай біз.
Шықты адамдар билікқұмар, қолы – қан,
Ауытқыған ұлы мақсат жолынан.
Ашаршылық алып келген еліме,
Сол солақай саясаттан торығам.
Қазақ үшін, Құраныңнан гөрі де,
Қасиеттің ең ұлысы, зоры – нан.
Қарақұрттай аштық құрды өрмегін,
Қайғы бұлты құрсаулады ел көгін.
Қатарларым қалды-ау талай көмусіз,
Татар дәмім алдымда екен, өлмедім.
Отап өткен отызыншы жылдардың
Аштығынан сұмдық нәрсе көрмедім.
Әкем жайсаң адам еді жаны ізгі,
Тапқан нәрін таңдайыма тамызды.
Қайтсін енді, күнкөрістің қамымен,
Қимай-қимай туған жерден қара үзді.
Кетті талай шаңырақтар шашырап,
Бейне шілдің балапаны тәрізді.
Жол бұралаң. Ұзын сайдың жүлгесі...
Бозашыдан ауды ауылдың бір көші.
Алды – тұман, артта дайын түрмесі,
Қашқан жанның шығады екен мүлде есі.
Қарауытып кес-кестейді жолыңды,
Аштан өлген адамдарың мүрдесі...
Жанталастық, жалғыз тілек – жан бағыс,
Қайран мекен көз көрместе қалды алыс.
Өзек жалғар бардай алда жақсылық,
Өлмегенге ол да үлкен алданыш.
«Қашқаның не өзің туған жеріңнен?!», -
Дейді бір ой,
мазалайды ар-намыс.
Енесінен айырылған құлындай
Болдық бейне, шындық осы, сырымдай.
Күдік бұққан, түкпірінде көңілдің,
Тереңдігі шыңыраудың суындай.
Өту деген қасірет қой,
қасірет,
Отаныңның ошағына жылынбай.
Қайтып енді оралмасын ол заман,
Кім кінәлі? Кімдер бізді қорлаған?!
Зарлап-зарлап қалды қанша жолда адам,
Жетті әйтеуір үштен бірі зорға аман.
Көз алдымда тұрады ылғи жаутаңдап,
Жүре алмайтын аш-арықтар сорлаған.
Қаша бердік сұм ажалдан сұрқия,
Аса бердік бір қиядан, бір қия.
Түп қазығы туыстас боп келетін,
Табанымыз тірелген жер – Түркия.
Жайғасқанмен жат аймақтың жұртына,
Берік болдық атам қазақ ғұрпына.
Біз – тіріміз, қайта шықты күніміз,
Сол күйінде дініміз де, тіліміз.
Мінәжат қып айтарымыз – Маңғыстау,
Бекет ата – сиынатын піріміз.
Адай десе көтеріліп әруақ,
Шығандайды шырқау көкке жырымыз!
Шынар өсер, тамырлары солмаса,
От-орағы найзағайдың ормаса...
Орнында бар оңалады екен ғой,
Қыдыр дарып, ырыс-бақыт орнаса.
Қарап тұрсам төрт құбылам түп-түгел,
Бордай бауыр, кетік көңіл болмаса...
Толқын-толқын таулар еніп түсімде,
Адасамын ақ селеулер ішінде...
Маң даладан марқұм анам қол бұлғап,
Шақырады мейірімді пішінде.
Жан анама қарыздармын,
жаныма
Қасиетті сезім еккені үшін де!
О, туған жер көрмеймін бе, көрем бе,
Әлде өксіп өкінішпен өлем бе.
Қинайды ғой жанымды жеп қимастық,
Симайды ғой сағынышым өлеңге.
Туған жермен тәнім бірге жаралған,
Туыстықтың төркіні тым тереңде.
Тағдырыңның мәні алған алғыста-ау,
Мүмкін емес тірлік жалын мәңгі ұстау.
Қас-қағымда бәрін шырқап бітесің.
Әттең шіркін өмір деген ән қысқа-ау.
Айтылмаған жырым болдың аяулы,
Айналайын, алтын бесік – Маңғыстау!
Қыран бағы құзар шыңның өрінде,
Қызғыш құстың қуанышы көлінде.
Есің барда еліңді тап шырағым,
Сені күткен асыл бақыт еліңде.
Қайсар болғын, көзге қораш көрінбе,
Тайғанақтық жоқ болатын тегіңде.
Ұлым менің!
Жүрегіңде мұң барлық,
Ізгілікке деген асыл іңкәрлік –
Кең даласын құзғындардан қорғайтын,
Шығарады темір топшы сұңқар ғып.
Талабы жоқ тайқы маңдай жандарға,
Жазылмаған әуелден-ақ тұлпарлық.
Ата сөзі – ақыл көзі, шын ұнар,
Ұқпағандар киесіне ұрынар.
Баяғы өткен бабалардың бүгінге,
Аңыз болып жеткен жүрек сыры бар.
Туған жердің құдіреті туралы,
Қадым заман хикаясын ұғып ал:
...Кезіп кеткен аты шарлап жер-көкті,
Елін сүйген еңселі бір ер бопты.
Құтты қоныс іздеп жүріп халқына,
Қаншама жыл туған жерін көрмепті.
Жеңіл ойға желпінбейтін жүрегін,
Сағыныштың мұңлы әуені тербепті.
Қуантпайды басқа дала, басқа қыр,
Беймаза күй кешті бастан жас батыр.
Жерігендей жапан түзден жалығып,
Тебіренбей табанында тас жатыр.
Табиғат қой,
тартпаса да тәбеті,
Амалсыздан қол созады асқа құр.
Сарбаздары мұндай сұрқын көрмеген:
«Киліккен бұл қырсық екен көлденең
Ештеңеге зауқы да жоқ сүлесоқ,
Кәдімгідей ауру болды меңдеген –
Деп ойласып, көндіріпті қайтуға,
- Болар бәлкім жерден –жылу, елден –ем»
Артқа тастап әскер ылди, өріңді,
Жаз жайлаудың төскейіне төгілді.
Қатар-қатар ақ жұмыртқа киіз үй,
Өткеруде мамыражай өмірді.
Көкке қолын созған түтін ошақтан,
Кідіріңдер деп тұрғандай көрінді.
Жасақтардың жүрісі де жосын-ды,
Құрық түскен шу асаудай тосылды.
Кең даланың көк шалғынын жапырмай,
Әркім бала-шағасына қосылды.
Келгенінде, хан сарайы сияқты,
Көресің ғой, қайран қара қосынды.
Ұмыт болып жойқын жорық, бар ылаң,
Сергектікті сезді ұлан жанынан.
Найзасын ол жауға ажал боп дарыған,
Қоя салды жерге шаншып сабынан.
Сөйтті-дағы үрей күтпей, алаңсыз,
Қатты ұйқыға кетті батыр арыған.
Талай күндер өтті арада келгелі,
Желдей шарлап кетті жауды жеңгені.
Саят құрып сайын дала төсінде,
Садақ тарту болып алды ермегі.
Қанкешуге шақырғандай,
әзәзіл
Тұла бойды бір бұла күш кернеді.
Күпті көңіл, ауру алыс қалса да,
Бақ жұлдызы тым биікте жанса да.
Ойлар буып шым-шытырық, сан-сала,
Қиялында шайқас салды қаншама.
Жаны сөйтіп жай таппаған батырың,
Жарлық берді – «Жорыққа!»,-деп,-баршаға.
Алыс арман сағымына алданып,
Қанды ұрысқа шықпақшы еді қамданып.
Найзасына қолын соза бергенде,
Ат үстінде тұрып қалды таңданып.
Көзді уақалап қайта-қайта қарайды,
Көрген түсім шығар деуге сәл қалып.
Көкірегін кернеп кетті күй ерен,
Өркен жайды тұла бойда бір өлең.
О, құдірет!
Бүршік жарып көктеп тұр,
Көк найзасы киіз үйге сүйеген...
Қу ағашқа жан бітірген қайтадан,
Туған жер-ай, қандай ғана киелі ең!
Ізгілігі жоқтың кетпес ізі өрлеп,
Ерлікті де етіппіз-ау біз ермек.
Деп толғанып тоқтамаққа ден қойды,
Үздіккен ер жау жұлынын үзем деп.
Туған жердің, жайған бейне торқадай,
Топырағын сүйді сосын тізерлеп.
Тыныштықпен жер табады жарасым,
Әмірім бұл, әскер біткен тарасын.
Жау ұрынса жиылармыз бас қосып,
Ал әзірге шаруасына қарасын.
Осы оқиға кеткен бізді ойлантып,
Бейбіт күннің меңземей ме бағасын!
Қыран көзі көрді жасақ сапынан,
Жатқандығын әр жүректе асыл ән.
Туған жерге тағзым етіп тұрыпты,
Шуақ шашқан, күнге қарап жас ұлан.
Қабағына қаһар түнеп түнерген,
Қалың қолын түсіріпті атынан...
...Әңгімемнің астарына алаңдап,
Отырған да боларсың сен бағамдап.
Дауа болып жас батырдың жанына,
Атамекен ауасы тек жаға алмақ.
Найзаға сап болған ағаш құрлы да,
Бұйырмапты өз жерімнен маған бақ.
Тұсаулы аттай міне тоқсан жастамын,
Қамықпаймын ойлап жалғыз бас қамын.
Тәтті мұң бар қуанышқа бергісіз,
Ал мендегі - тамұқтай мұң, басқа мұң.
Темір торға қамап қойса торғай да,
Аңсамай ма қанат қағар аспанын.
Шыдау қиын адам болсаң шын арлы,
Мақсатың да жат өлкеде мұнарлы.
Түргім келіп көңілдегі тұманды,
Аңыратып саламын-ай бір әнді...
Өсімдік те өгейсімей өзегі,
Өз жерінде көктесе тек құнарлы!
Сағынумен кіндік жұртты мен әр күн,
Жанарыма меруерт боп қонар мұң.
Алмағайып дүлей заман күшімен,
Арнасынан ауған өзен болармын.
Мүмкін, құстай ұяма кеп қонармын,
Мүмкін мұнда күзгі гүлдей солармын.
Жұмбақ маған, енді қанша жол жүрем,
Кеудемдегі өртті қалай сөндірем?!
Туған жердің топырағы-ай, жусаны-ай...
Бір иіскесем болар еді-ау ол бір ем!
Өтер едім армансыз боп дүние-ай,
Туған жерде үзілсе егер соңғы дем!..