26.07.2022
112
ИМАН
Иманым, жүрсің дер ем:
Тамшыда жасымдағы.
Жүректе дүрсілдеген,
Санамда басымдағы.
Шығатын соқпағымда,
Қонатын қиянымда.
Тұратын тоқтамымда,
Шолатын қиялымда.
«Имансыз» деген сөзді,
Естуден – өлген артық.
Тұрарын денем сезді,
Жамандық жерге тартып.
Жұлдыздар зердемдегі,
Сәттерде көзін ашқан:
Шабыт-құс кеудемдегі,
Кетеді кезіп аспан!
Бойыма жақсылықты,
Жинаймын бал арадай.
Онсыз да тапшы үмітті,
Жаққым кеп самаладай.
Үңіліп жанына елдің,
Қуаныш, мұңын ұқтым.
Басымның бағы дермін,
Шындыққа жүгініппін.
Қашан да көңілімнің,
Иманым – шырағы еді.
Оты боп өмірімнің,
Жылытар, сірә, мені!