26.07.2022
  112


Автор: Медет Дүйсенов

ҚАРАҒЫМ, ҚАЛҚАМ...

Қарағым, қалқам, бұлайша қарама маған,
Соғады санын – сезімді сараламаған.
Кешендеу келген көктемім, қайтесің мені,
Жастығым өткен, қайтадан жана ма ағаң!?
Жария етіп жатқандай, жайды ұғып бар маң,
Айнала қарап, көңіл-ай, қаймығып қалған...
Бұлқынтып жүрек байғұсты, тыным берместен,
Жоғалар бір күн жалт беріп, сәйгүлік – жалған!
Адастырмайды, ақыл-ой – азамат кені,
Қарағым, қалқам, қинама, мазалап мені.
«Сүйемін!» деген жазуға зәруін білем
Парағын ашқан жаныңның таза дәптері...
«Қарындасым» деп қол алам өзіңмен енді,
Бейкүнә ойым бет басып, безіп жөнелді...
Ғажап екен ғой – демі ыстық дүние мынау,
Азап екен ғой айта алмау – сезім дегенді!..
Жан екенсің-ау, дейтіндей: «болса ғашығым!»,
Қолқаны қапты түтіні мұң шаласының...
Әдеп-дуалды тұрдым мен аттап кете алмай,
Қол созым жердің білсемші, мұнша қашығын!?





Пікір жазу