ҚАЗДАР ҮНІ
Қаз үнінен жүрегім дір етеді,
Осынау саз жанымды түлетеді.
Қатар ұшқан қаздардай тізбектеліп,
Көз алдымнан сонау бір күн өтеді.
...Күйші бар-ды жұрт күтер, аңсап бәрі,
Тың еді, болмаған ол қаусап кәрі.
Тамылжытып тек қана күй тартуға
Жаралғандай сүйріктей саусақтары.
Айтылмаған сыр бардай әжімінде,
Астарлы ой жататын әзілінде.
Сол атай домбыраға қосатұғын
Көктегі қаңқылдаған қаз үнін де.
Тына қалам, домбыра аларында,
Тектілік бар түйілген қабағында.
Қос ішек бебеулесе, діріл қағып,
Ғажайып нұр жүгірер жанарында.
Күй сазымен ұмыттым ұйқыны мен,
Еліктіріп кететін сиқырымен.
Толғанатын жүрегін жалынға орап,
Жастық шағын жырлайтын күй тілімен.
Тағдыр оны жылытты, тоңдырды да,
Көңілдерді, кетті-ау ол, көл қылды да!
Дүниеден көшті ғой дарабозым,
Күзі кеп өмірінің солдырды да.
Күй сазын келешекке ап келем мен,
Өзегімнен сырлы өзен ақты өлеңнен.
Көрінеді сол қарттың күйіндей боп,
Қаңқылдап қаздар өтсе қақ төбемнен...