ӘКЕМНІҢ КӨЗІН КӨРГЕН
Ажал! Ажал – қадалған қарғыс оқтай,
Қарып өтті сұмдық сөз жанды шоқтай.
Қара нардай қайыспас қайран әкем,
Дүрсілдеген жүрегің қалды соқпай.
Мейірімің-ай көрінер таң жүзінен,
Қанатымды қырандай жайғызып ең.
Аман қалған жапанда жай отынан,
Дара тұрған дарақтай жалғызың ем.
Бір шыбығың ну болар, шоқталғасын,
Тіршілігің, жан әке, тоқталмасын.
Жарық күннің ұмтылам сәулесіне,
Жұмылмаған жанарың боп қалғасын.
Ұзартуға жолыңды қадам басам,
Сыйлармын-ау шапағат адамға сан.
Құрдастарың қимайтын келе қалса,
Алдарында «әке» деп амандасам.
Амандасам, көзіме тұнады шық,
Сен келгендей қуанам құрақ ұшып.
Қарттар кетсе,
Бұлт басқан аспан сынды
Үйдің іші қалады мұңайысып.
Толғанса олар еске алып сені неше,
Құлақ түрем қарттарға мен ілесе.
Жауқазыны көңілдің бүр жарады,
«Марқұм, әкең жақсы адам еді!» десе.
Ұқтырады былай деп солар маған:
«Кеткендерден ешкім де оралмаған.
Жарқыраса жұлдыздай жақсы атағың,
Өлмегені әкеңнің болар, балам».
Қол созады жанымның көк құрағы,
Жалған деймін, жалған-ай жоқ тұрағы.
Ақтарылып армансыз ақ жауындай,
Оңашада жылағым кеп тұрады.
Беу, дүние, боздаған бозінген бе ең,
Сан алуан қоздаған сезімдер ме ең?..
Өлмеңдерші, дариға, өлмеңдерші,
Қариялар, әкемнің көзін көрген!