26.07.2022
  116


Автор: Медет Дүйсенов

ҚАЙТА ОРАЛҒАН КӨШ

Абыр да сабыр халқымда бүгін бар күйбің,
Арнадан асты әуені шалқып ән-күйдің.
Даламның алып жүрегі соқты-ау дүрсілдеп,
Толғандай суға мөймілдеп шөлі Алғидың.
Қарлығаш ұшты хабарлап көштің келгенін,
Балауса гүлін ұсынып жатыр белдерім.
Атырау менен Алтайдың сонау арасын,
Сүйінші сұрап шарлады тентек желдерім.
Ағылып өткен, сағынып жеткен шет жақтан,
Туысқандардың аймалап жүзін өпті ақ таң.
Қасиет тұтып, қазағым менің қашан да,
Мекенді туған мәңгілік сүйіп, ет мақтан!
Кінәлі, мынау, қабаққа қонған кірбіңге,
Дауылды желі ұшырған сонау сүргін бе?
Айтшы сен аспан, ақиқат сырды білдің бе,
Қаншама бауыр жете алмай қалды бұл күнге?!
Қарсы алың жұртым, кірді ғой әне көш келіп,
Өгейсіп олар жат жерде жырақ өсті-өніп.
Сарытап болған, сыр қылып айтпай сескеніп,
Есігін ашты ескірген күнге естелік.
Жүрмеңдер достар, жандарын босқа ұғынбай,
Жүргендер олар отына Отан жылынбай.
Нұр кешіп тұр-ау,
күй кешіп тұр-ау қарашы,
Адасып қалып енесін тапқан құлындай.
Арттағы ата мекенде жүріп барша жан,
Тілеген еді-ау, екен деп солар қалса аман.
Түсіңе кіріп тынышыңды алған бауырым,
Туған ел – осы, туған жер – осы аңсаған!





Пікір жазу