26.07.2022
120
ҚАРАҢҒЫ ТҮН... ҚАЙЫРШЫ
Қараңғы түн. Қайыршы келе жатыр,
Болдым дейді мұншалық неге пақыр?
Білетіні – дәл мынау түнек түндей,
Қараңғы көр ішіне енеді ақыр...
Ой қамайды бөрідей, бағыт – қала,
Дедектетіп барады алып дала.
Тарымшылық қысқан соң тар етіктей,
Қайыршылық – көндікті, - қамытқа да!..
Тек, түн бұған құшағын айқара ашқан,
Үміт – күдік кеудеде тайталасқан.
Әдетіне айналып кеткен,
құрғыр,
Алақанын жаяды байқамастан.
Төңіректі болмастай адам біліп,
Келекелеп шақырар қалаң күліп...
Созған қолдың,
Теңге емес, үнсіз ғана
Толтырады уысын қараңғылық.
Еместігін сезсе де елге көрік,
Жадау иінін келеді желге керіп.
Қайыршының талғажау көңіліне –
Таба нандай ай туды дөңгеленіп!..