ҚҰРАНДЫ ЕРДІ КӨРГЕНДЕ
Бір үйден көрдім құранды ер, қымбат, бағалы,
Әдеміліктің алды ғой құндақтап әні.
Күтімсіз қалған, бабамның көзіне қарап,
Шырмауық-ашу бойымды шырмап барады.
Шеберлігінде шек жоқ-ау, жан баласының!
Көргенде ерді тамсандым, таңдана, шыным.
Сауырын аттың сағынып жатқан сияқты,
Бес батпан шаңның астында қалған асылым.
Еркіндік-дала, құшағын жайған алабы,
Аттың шабысы – көңілдің сайраған әні.
Қайран тұлпарым қазақтың қанаты болған,
Қанатсыз құсың жорғалап қайда барады?!
Салтымды құртар, сезімсіз санадан қарау,
Жансебіл болып, жандарға жаға алам ба алау?!
Темір көліктен ауысып атқа қонғанда,
Тақтан түскендей сезінер ағалар бар-ау...
Намысын бабам санаған, жанынан да ұлы,
Мінген ерінде – шаттығы, шағынған мұңы.
Қазақ едім деп айтуға қақың бар сонда,
Құранды ерің, құнанға салынған күні!