26.07.2022
  103


Автор: Медет Дүйсенов

НАРЫҚ ПЕН ПАРЫҚ

Өмір өзі нарығын,
Нар жүгіндей өңгертті.
Таңдай алса танымың,
Тарам-тарам жол кетті...
Сауда деген өнерге,
Сылбыр болған халықпыз.
Нарық жөнге келер ме,
Көзін табар парықсыз.
Айтады ғой алдағы,
Уақытың төрелік.
Шегінер жер қалмады,
Мұны да бір көрелік.
Ауырлықты ал, құрбым,
Иығыңа айқарып.
Таразысы тағдырдың,
Шайқалып тұр, шайқалып...
Жолатпау тек жаманат
Киіз үйлі қоғамға.
Ар алдында аманат,-
Маған, саған, оған да!
...Асанқайғы ғайыптан,
Келе қалса көргелі.
Қазағына қалып таң,
Мүмкін былай дер ме еді:
«Достасыпты Алламен,
Нарық екен заманы.
Алашапқын саудамен,
Арық екен адамы.
Әркім-меншік иесі,
Шабу екен жекеше.
Бірді өткізіп, үлесі


Алу екен екі есе.
Бүйі бейне-бұзақы,
Көбейіпті індеттей.
Көрінгеннен көз ақы,
Алып қалу міндеттей.
Мінді бүгу-қасірет,
Сын айтты деп сөкпе елім.
Бірлікпенен басып өт,
Нарығыңның өткелін!»
...Құны ұшынып, күш бермей,
Дүниеңіз дөңгелер.
Қышырлатқан тістердей,
Сытырлайды теңгелер...
Теңгең жоқ па? – түк те өнбес,
Қалталы бай – сол мықты!
Шығайбайдың шық бермес,
Ұрпақтары өрбіпті.
Саудагердей шіркінге,
Батпайды онша азу тіс.
Бізді сұрап, бұл күнде,
Бізбикені алу – түс.
Жерге тимей етегі,
Шыбын жанды шыңғыртып.
Жүрген жылпос жетеді,
«Жұмыртқадан жүн қырқып».
Базар сырын дәл ұқпай,
Алдай алмай жандарын.
Судан шыққан балықтай,
Аузын ашар Алдарың.
Алда жарқын жол тұрғай,
Нарық жатпас найқалтып.
Отыр біреу, ойпырмай,
«Қара судан май қалқып».
«Қу сүйектен қуырым
ет алатын» - ептілер.
Баса қойса буынын,
Шолтаң етер шеккілер.
«Қара жерде қайығы,
Жүзіп жүре береді...»
-Десе біреу, анығы,
Аңғал көңіл сенеді.
Қолдан келсе, ұялмай,
Алыпсатар жұрт, мүлде.
«Тоқып көрмек биялай
Терісінен биттің де».
Базарың тұр гуілдеп,
Ұясындай араның.
Пайда да көп, шығын көп,
Сынға түсер талабың.
Бірін екі қылмаққа,
Әркімдер-ақ жанығар.
Жаныңызға бұл жақта,
Не керектің бәрі бар.
Ғажап көріп көрнісін,
Бас қатырма болдырып.
Әкелді ғой деймісің,
Зауытынан өндіріп.
Құр қалшима тікеңнен,
Түгі де жоқ таңғалар.
Ала салып дүкеннен,
«Құйрық жалғап» саудалар.
Алаяқтың бергенін,
Алғым келмей жерінем.
Сатса екен-ау өнгенін,
Маңдайының терімен.
Құштар жаны кітапқа,
Бар болатын бір досым.
Саудаңыздан бірақ та,
Аулақ салған іргесін.
Кітапхана білері,
Қара тапқан ісін деп.
Кейбіреулер күледі,
Қожанасырмысың деп.
Сөздеріне қарашы,
Сорлы бар ғой не түрлі.
Нәрсіз, шабан санасы –
Дәнсіз сабан секілді.
Көкірегі – көр, пенде,
Тек дүние жинаған.
Сондайларды көргенде,
Қатты аяймын, қиналам.
Сықай толып сөреңіз,
Саудаң, жақсы-ау үйлессе.
Өліммен тең, өреңіз,
Өгіз аяң күй кешсе!
Түсіне біл, тарланым,
Нарық пенен парықты.
Тертесіндей арбаның,
Қатар ұста қалыпты.
Ештеңе жоқ дап-дайын,
Шығар асу көп әлі.
Болсын дейік әрдайым,
Қазан аузы жоғары.
Нарықты ұға алдық па?!
Кім-кімге де болды сын.
Бас айналып байлыққа,
Жоғалмасын болмысың.
Пұлымызды төледік,
Сәл нәрсеге татымсыз.
Жаны жайсаң ел едік,
Жақсылығы сатусыз.
Баю мақсат бүгінде,
Енші болды епті есеп.
Жарар еді-ау, түбінде,
Қарынбай боп кетпесек.
Алқындым-ау, алқындым,
Болашаққа алаңдай.
Жомарттығын халқымның,
Қалам ба деп таба алмай...
Қалам ба деп таба алмай!





Пікір жазу