26.07.2022
  76


Автор: Медет Дүйсенов

ҰШҚАН ҰЯ

Кезіктім қанша тағдыр көктеміне,
Еске алып, ораламын өткеніме.
Көп болды-ау құстай ұшып кеткеніме,
Қайрылып қонсам деп ем мектебіме.
Жеткенде аңсауменен, жанып іштен,
Сарғайған жапырақтай, сағынышпен.
Бастауым, басармысың бауырыңа,
Білімнің кәусарынан қанып ішкен.
Талай жыл білім беріп тұрысыңа,
Толғанам, жүрегімнен жыр ұсына.
Келеді көз алдыма қоңырауың,
Жар сағат оятқанда жұмысыма.
Ұғынып, ұстаздардың бейнелерін,
Ұлылық кемесінде тербелемін.
Жүздерін көріп әжім зерлегенін,
Өмір-ай, өмір осы дей беремін...
Мектебім ордасысың ғұламалық,
Тұлғаңа тағзым етем тұра қалып.
Қаталдау мұғалім боп мына нарық,
Жүр қазір шәкіртіңнен сынақ алып.
Қиындық көпірінде опындым көп,
Адамға ғұмыр бойы оқу міндет.
Тоңдарды жібітсін деп тірліктегі,
Жібердің кеудедегі отымды үрлеп!





Пікір жазу