26.07.2022
107
ГҮЛ ҚҰШАҚТАҒАН ҚЫЗ
Қырмызы қырда өстің бе,
Келбетің қандай!
Гүл қандай!
Көрікті осы қос гүлге
Қараумен көңіл тұр қанбай.
Құлпырып келе жаттың-ау,
Қиялдан соққан мүсіндей.
Өңімде емес, нақ мынау
Түнгі бір тәтті түсімдей.
Жүрегім соқты арындай,
Толтырып жырға кеудені.
Теңіздің толқындарындай,
Толқытып кеттің сен мені.
Айтылмай сырлар қала ма
Сезімнің көлін шайқаған?
Гүл көйлек киген далада
Кезіккен жоқпыз қайтадан.
Бақ тілеп саған кеткенмін,
Толықсып қалдың...толған ай...
Гүліндей мынау көктемнің
Ғұмырың қысқа болмағай!