26.07.2022
  102


Автор: Медет Дүйсенов

«БОМБА ТҮСКЕН»

Сап болғандай, серпілер тамаша күн,
Шалғын да жоқ келтірер дала сәнін.
Аласұрып батыс жақ алыстағы,
Қарасуық күндері қарашаның.
Күз күні еді... Жат үннің бұзды лебі,
Көтерілді маңдайға қыз білегі.
Баспалдаққа балалар шығып алып,
Аспан жаққа көз біткен үздігеді.
Гүрілдеген жақ жаппай дауыс әлі,
Көрінбестен, төзімді тауысады.
Айқындалды жұмбақ үн ақырында,
Жақын қалды ауылға жау ұшағы.
«Қаңғыған ит келді екен неге бізге,
Неде болса, талайдан көреміз де.
Қап-қап, әттең қарашы қаймықпауын,
Қайырусыз қыдырды-ау төбемізде» -
Десіп жатты біреулер намыс буған,
Үрей деген үкіні алыс қуған.
«Кірпіш зауыт» түтіні будақтайды,
Көрінгенге қол бұлғап таныс қырдан.
«Қара құзғын» қанатын қомдап алып,
«Жеп қоярдай жанарлар» жолда қалып...
Қару-жарақ жасайтын жер деді ме,
Тастай салды бомбасын сонда барып.
Құлақ тұнды гүрсілден, болмаған жай...
Заманақыр бір сәтке орнағандай.
Нысанадан ауытқып түсті бомба,
Маңғыстаудың киесі қолдағандай.
Ғайып болды, көргендей ол да түстен,
Деп атайды бұл жерді «Бомба түскен».
Аузын ашқан апанға аждаһадай,
Қарап тұрам кейде толғаныспен.
Туған жерге бақ тілеп, көз ілемін,
Өзгертпесе екен деп өз реңін.
Таушыққа емес, бұл бомба мына менің,
Жүрегіме түскендей сезінемін!..





Пікір жазу