26.07.2022
  109


Автор: Медет Дүйсенов

ХАЛҚЫМНЫҢ АСЫЛ АРДАҒЫ

(Сәттіғұл ақынға арнау-терме)
Су төгілмес жорға едің,
Тайпала басып ырғалған.
Бұлақтай сөзден бал татып,
Жанары жұрттың нұрланған.
Бата алдың биден Мәтжандай,
Дуалы ауыз, ділмардан.
Сүйсінген сенің сөзіңе,
Қашағанның өзі де,
Талантты көріп бүр жарған.
Құралды жерге келгенде,
Кезің жоқ, жеңбей бір қалған.
Тамсана айтты жырыңды,
Толғанып жаны тыңдарман.
Қырандай қанат қақтырып,
Жетелеп алға жүрді арман.
Құрығынан ажалдың,
Құтылып, сірә, кім қалған?!
Ажарлы сөзді ардағым,
Сенен де өтті-ау, бұл жалған!..
Он екі бірдей перзентің,
Дүние салып бәрі де,
Құшағың босап құр қалған.
Бекіредей бұлқындың,
Құрған ауға шырмалған.
Қапаланып, қайғырып,
Шақтарында мұңданған:
Суарған зергер ұстаның,
Болатындай шыңдалған.
Тірлігіңде-ақ өткенсің,
Ысырат көпір – сындардан...
...Ресей бодан қылмаққа,
Батырды елге тырнағын.
Бұқара халық бұрқанып,
Білеміз майдан құрғанын.
Тәжінің ұлы Досанды,
Теңдессіз ерге теңгеріп,
Дастан қылып жырладың...
...Күрсінген өзің куәсің,
Даланың тыңдап мұңды әнін.
Ұлы Отан соғысы,
Талайды жалмап тынғанын.
Зәрін төгіп жылжыды,
Батыстан соққан бір жалын.
Сүйікті туған жерімнің,
Солдырғалы гүл-бағын.
Естігенде елге қас,
Фашистей сұм барын,
Төбесінен жаулардың,
Жасындай тиді жырларың.
Мақтана айтып, паш еттің,
Исатай батыр туғанын.
Қарсы келген дұшпанды
Бастағы темір телпекпен,
Құлаштай ұрып, қырғанын.
Ертегінің еріндей,
Ерлік істі қылғанын.
Төкпеді дейсің кімдерге,
Қаралы қағаз ызғарын.
Жұртыңмен бірге жоқтадың,
Соғыста өлген ұлдарын.
Жырыңменен жұбатып,
Серпілттің қайғы, мұңдарын.
Өлеңге қостың өрнектеп,
Өмірдің қыршын құрбанын.
Жеңіске үндеп еліңді,
Еңбек етіп тынбадың.
Колхоздарды аралап,
Жетістігін жырладың.
Оралғы болып аяққа,
Кемшілік көрсең сындадың.
Жалындай ыстық жүрекпен,
Қыздырдың табыс қырманын.
Ат үстінен ас ішіп,
Қарттықты елең қылмадың.
Сайраған таңғы бұлбұлдай,
Келтірдің өлең ырғағын.
Өзіңді көріп жасымда,
Сөзіңді теріп, тыңдадым.
Ұғынған едім сонда мен,
Ақындық деген арқалы,
Киелі күштің жұмбағын.
Келбетің қандай келісті,
Қарадан шыққан төредей.
Мінезің жайлы болатын,
Ақ ұлпа жүннен жаймалап,
Жұмсақ қып басқан өредей.
Берік еді уәдең,
Шеберлер қаққан шегедей.
Әділдігің – байқасам,
Қара қылды қақ жарған
Көпті көрген көнедей.
Ақындығың әйгілі –
Көкжиекпен көріскен,
Теңіздегі телегей:
Ақ желкенін жел керген,
Айдындағы кемедей.
Төсіне соққан толқынды,
Есіле тартқан елемей!
Немесе, сөзің садақтан
Суырылып ұшқан жебедей.
Суылдап келіп жеткенде,
Қарсыласың қаймығып,
Абдырап тұрып қалатын,
Айналма болған немедей...
Айшықтап айтқан әуенің,
Ұйытып, жұртқа ұнаған.
Жанға жайлы, мысалы –
Саусағымен сезімтал,
Сынықшыдай сылаған.
Ақындардың алыбы
Жүздескенде Жамбылдың,
Көңілі саған құлаған.
Алматы менен Мәскеуде
Өнердің жүзген өріне,
Жақсылар басын құраған.
...Тарих болған бүгінде,
Күндерді еске аламын.
Тізбелеп қалай таусармыз,
Тарау да тарау тарамын.
Алшақтады арамыз,
Ашқанда ажал аранын.
Қиырды шолған қырандай
Алыстан іздеп тоятты,
Түлетті түзден талабын.
Домбыраның бебеулеп,
Шерлі күй шертті шанағын:
«...Амалсыздан барамын,
Тірі жүрсем, түбінде
Туған жер, сені табамын!»
...Дидарын қимай қоштасқан,
«Маңғыстау сынды даланың.
Харазымдағы ағайын,
Қайдасыңдар,-деп қарағым»
Аңсаумен айтқан жан әнің:
Бөледі махаббатына
Атамекен – ананың.
Қилы заман жат қылған,
Бауырыңа баладың.
Үміттің жібін үзілген,
Жалғауға өзің жарадың!
...Өлкеміз кенет оянды,
Бұйығып жатқан ежелден.
Дүр сілкініп маң дала
Қуана ашты құшағын,
Байлығын бүгіп безерген.
Мұнара бейне батырдай
Найзасын көкке көтеріп,
Қасқайып шыққан кезеңнен.
Ақтармай жырдың асылын,
Ақының қалай тежелген?!
Аспанға мұнай атқанда,
Жетібай менен Өзеннен.
Кеудеңді кернеп сенің де,
Сел жүріп өтті, сезем мен.
Жаттап алып жырлады,
Әншілер сенен сөз емген...
...Домбыра ұстап он бесте,
Көңілің жырға бұрылды.
Ақылдың кені – асыл сөз,
Шекер мен балдай шырын-ды.
«Құс жолындай» керілген
Бабаның ізі бұрынғы.
Ұстаз тұтып ұғындың,
Абыл мен Ақтан, Нұрымды.
Қатепті нардай Қашаған,
Жүрекке жыры жұғымды.
Аралбай мен Түменнің,
Дүбірі қатты білінді.
Әндетіп ұшқан аққудай,
Соларға қостың үніңді.
Айтысам деген өзіңмен,
Қармағыңа ілінді.
Өрнектедің кестедей,
Өмірден түйген сырыңды.
Сазына қосып шырқатып,
Жеткізген жұртқа жырыңды:
Шамғұл, Айтқұл, Қарағұл,
Бегендікұлы Сүгір-ді.
Қалайша қалам атамай,
Назарбек, Сәду, Әлқуат,
Жанжігіт пен Ыбырды.
Өскінбайұлы Мұрат пен,
Есенғали ініңді.
Атыңды жүрмек ардақтап,
Бақытты ұрпақ бүгінгі.
...Құдірет маған қонғандай,
Қолыңды сенің алғалы.
Ұмтылып Медет ұлың да,
Ақындық жолды таңдады.
Тереңнен інжу тергендей
Шалқарын ойдың шарлады.
Қызыл тілдің құбылған,
Сиқыры мені арбады.
Жан ата, өзің жебей жүр,
Халқымның асыл ардағы.
Толғауы тоқсан жаста да,
Таусылмай кеткен тарланы!
Шығарды өнер шыңына,
Алдамай ақын арманы.
Ізгілік ізін қалдыру –
Өмірдің осы бар мәні.
Аптапта жатқан мөлдіреп,
Өзендей болдың арналы.
Жанарың жұмылмағаны -
Жауһардай жырдың жұлдызы,
Жарқырай көкте жанғаны.
Сұңқардай сөзің саңқылдап,
Ұрпақпен бірге самғады.
Аршындай басып бет алдың,
Болашақ күнге алдағы.
Шашуын жырдың шаша бер,
Сұңғыла ойдың саңлағы!





Пікір жазу