ЕЛУДІҢ АШТЫМ ЕСІГІН...
Қанатын құстай қағып күн,
Жалғапты-ау жасты жасыма.
Елуге келіп қалыппын,
Боз қырау қонып шашыма.
Қоштасып жастық, кетті анық,
Қарттыққа келем, тербе өмір!
Мағырып жақты бетке алып,
Асыққан күндей бейне бір...
Құдай-ау кеше емес пе,
Тасқынды шағым тау бұзған.
Айналғаны ма елеске,
Сағынтып еске алғызған.
Шау тартып ерте қалмайын,
Санамда тұрсын саралық.
Алдымнан тосқан әрдайым,
Тойымның достар бары анық.
Ыңғайсыз күйді кешесің...
Менсіз де өзі той көп қой.
Күніне әлденешесін,
Жаңартып киген көйлектей.
Жұмыссыз жүрген жандарды,
Әлекке несін саламын.
Қайтемін ару залдарды,
Ұясындай ғып араның.
Кез-келген тіпті жасымда,
Жарқылдай тойлап жүрер ем.
Ғасырдан кетер ғасырға,
Өмірге келсе бір өлең!
Елу жас – мезгіл мөрінде,
Жанымның төктім нұрларын.
Халқымның жүрек төрінде,
Отырса болды жырларым.
Жосыла соққан, жұлқынып,
Желтоқсан айы желімен.
Сәулеге жарық ұмтылып,
Өмірге мынау келіп ем.
Көз жасы жуған өңірін,
Соғыстан соңғы өркенмін.
Сондықтан алаң көңілім,
Тағдырын ойлап ертеңнің.
Бордай боп неге босайын,
Елуге міне келдім деп.
Ауырға арқа тосайын,
Арт маған туған ел, міндет.
Мен емес ділгір адамың,
Даңғаза қошаметке де.
Мехнат шегіп барамын,
Мәңгілік өлең – Меккеме!