«ЕЛ БАСҚАН»
Бабадан жететіндей мақам-сарын,
Жол тартқан, жүктеп алып атан-нарын.
Қызықтап айналаны, көз суарып,
Келеміз қуалаумен «Қапы» аңғарын.
Қапталда тосын көрініс,
шыдамастан:
Кеткендей кілт шегініп мынау аспан.
Төменде, сыры бардай сұлық түсіп,
Сандықтас үйдей-үйдей, сыналасқан.
Көргендей бір ғажайып кереметті,
Еділбек қасымдағы елең етті.
«Елбасқан» дегенімде, сұрады ұлым:
«Бұлайша аталған -деп, - не себепті?»
Балама қарап қойып, құмарланған,
Толғандым, түңілгендей бұ жалғаннан.
Қиялмен құстай ұшып кете бардым,
Елестеп ескі мекен, мұнарланған...
...Шілде де су қайнатар шағына ауды,
Тапса жұрт тығылардай саңылауды.
Тігіпті іргелесіп күркелерін,
Көшіп кеп, жазда осында Табын аулы.
Кіре алмай демі жалын дала аптабы,
Үңгірдің аузына кеп жалақтады.
Ербиген жоғарыда, елеске ұқсап,
Еңкейген ұшпа шыңның қабақтары.
Биікке сызат түсіп, жарылыпты...
Көрген жан, бір қауіптің барын ұқты.
Айтқаны ағайынға аяқсыз ғап,
Көңілі байыз таппай, әлі күпті.
«Сан жылдар пана болған, саялы маң,
құласа, нағып тұр-деп, -баяғыдан»
Көпшілік құлаққа іліп, мән бермеді,
Білдірмей бірте-бірте таяды ылаң.
Күні ертең тап боларын, таңда қайғы,
Адамдар шаруа күйттеп, аңдамайды.
Ыстықта тұрар бұл жер ұядай боп,
Аймалап, қоңыр салқын жанға жайлы.
Қазақтың бар ма малсыз сірә, амалы,
Алдында, азды-көпті құрағаны.
Көретін жарығы бар жан болды ма,
Жылқы іздеп кетіп еді бір адамы.
Оралса... ауыл орны астан-кестен,
Жылады, адасқандай сасқанда, естен.
Тұрағы тау астында тапталыпты,
Сұмдық-ай... Қандай азап бастан кешкен?!
Бұл болса, есі ауғандай тұра берген...
Тіршілік белгісі жоқ бірақ елден.
Көрінеді бұратылған қыз бұрымы,
Жыландай тас астынан шыға келген.
Ит те жоқ айбат шегер, үріп алдан,
Құдайым неге сонша қырына алған?!
Жаралы жалғыз ешкі маңырайды,
Қуыста қыстырылып тірі қалған.
Жігіттің жоғалғандай мол мұрасы,
Үміттің нәзік гүлі солды, расы.
Өзегі өртке оранып, өзі ғана,
Соқайып қалыпты ғой, сорлы басы...
...Баян ғып айтқаныммен, бүгінімде,
Жүректің жеңілдер ме жүгі мүлде.
Өксігі естілердей өлгендердің,
Үздіге соққан желдің уілінде.
Әне сол, оқиғаның болған жері,
Тау түссе опырылып, оңған ба еді?!
Сақталып жұрт жадында, соққан мөрдей,
«Ел басқан» аталыпты содан бері.