26.07.2022
  125


Автор: Медет Дүйсенов

ӨЛЕҢ

Өлең – менің өмірім, бар асыл да,
Сол жазады жүректің жарасын да.
Жаным гүлдеп, жақсы жыр жазған күні,
Бал татиды таңдайға қара су да.
Оңайлықпен келмейді өндір өлең,
Орман сынды, талай шаш селдіреген.
Жыр толғағы дегенің – жармасу ғой,
Арыстанның жалына желбіреген.
Ұялатып бұлбұлдың сыршыл үнін,
Сіңіремін өлеңге гүл шырынын.
Күре тамыр сияқты әр жолында
Тебірентіп шаттығым, тұрсын мұңым.
Ол халықпен қалтқысыз сырласады,
Ғашығыңдай құшағын күнге ашады.
Жамандыққа тиеді жасын болып,
Бес қаруын асынған жыр жасағы.
Өлең де бір ұқсайды бойжеткенге,
Жүрегіңді ұсынбай, қол жеткен бе?!
Бар-ау біздің шағымыз мәз болатын,
Арзан ойды малданып, олжа еткенге.
Шабыт келіп кеудеңе түнегенде,
Жұмыс жасап жүреді, жүрек, елге.
Бір күніңді, бір апта, бір айыңды,
Құрбан етіп шаласың, бір өлеңге!
Қиын... Қиын, жол бермес мұзарттардай,
Азабы мол, арқаңа тұз артқандай.
Ғажабы сол – бітірген жыр әсері,
Ғұмырыңды болады ұзартқандай!
Қалам – қайың, қағазым – жазық дала,
Жыр жұлдызым жарқыра, жанып дара.
Нөсерлетіп ашылған аспанымдай,
Өлең-дерттен, айығам жазып қана.
Жаным кейде теңіздей дөңбекшіген,
Жылай салар, қосылып желге өксіген.
Толқын-толқын ойымның тамшылары –
Маңдайымда мөлдіреп, тер тепшіген!
Маржан сүзген мұхиттан, шырақ алып,
Терімшіге бүйрегім бұрары анық.
Өлең сөздің інжуін тереңдегі,
Соңғы демді сарп етіп, шығам алып!





Пікір жазу