ҚЫРЫҚ БІР ҚҰМАЛАҚ
Жүректе шашып нұр,
Адалдық әуені.
Арманға асық бір,
Боласың дәмелі.
Мерейді тасыттыр,
Қонар ма, жан емі.
«Маңдайын ашық қыл!,
Пәлесін қашық қыл!», -
Деп алып, әуелі.
Құмалақ сап-сары –
Ақсарбас қойдыкі.
Отырсаң ашқалы,
Болмасын ой мүкі.
Бес түсіп бастады,
Баланың – ол, - құты.
Білмеймін басқаны,
Ашық тұр аспаны –
Қуаныш, тойдікі!
Үш-үштен бөлінген,
Тоғыз ба? Тастаймын...
Бағың ғой көрінген,
Қайталап ашпаймын.
Желпініп сеніммен,
Жоқ дей бер, бас-қайғым,
Күн күлер төріңнен,
Түспес бұл тегіннен...
Ақ жолдан аспаймын.
Төрт-төрттен жұптасқан –
тоқ екен бүйірің!
Тартпайсың, түк саспаң,
Нарықтың «күйігін».
Дұшпаннан күш қашқан,
Көрсетпес бүлігін.
«Шүкірді» ұқпастан,
Тоқпын деп, тіпті аспаң,
Төреші – Ұлы күн!
Тіктеу де, еңсені –
заңдылық – құламақ.
Қоңсылас көрші еді,
Сор менен, сірә, бақ.
Тиер деп ел, себі,
Өзіңе құмар-ақ.
Санаймын мен сені,
Өмірдің өлшемі –
Қырық бір құмалақ!
Қырық бір...
бұл ненің,
белгісі білінбек?
Толғанып жүргенім,
Мәнісін түбірлеп.
Қырықтың білгенмін,
Біреуін Қыдыр деп.
«Қырық бір шілтенім,
Қолдай гөр, пірлерім!» -
Деймін мен күбірлеп.
Дүние жанығып,
Жұмбаққа тұнып тұр.
Күмәннан арылып,
Алайын біліп бір.
Ұмтылшы, ал, үміт!
Құмалақ – қырық бір:
Кетпеші жаңылып...
Ағыңнан жарылып,
Сен маған сыр ұқтыр?!.