«СИКСТ МАДОННАСЫ»
Алғанымен биліктің құдіретін,
Бар жанымен өнерге жүгінетін.
Саксон-поляк королі Август-III,
Сатып апты Сантидың сүгіретін.
Жамыраса жұрт мақтап жатты өнерді,
Мың құбылтып бояуды жаққан ерді.
Картинаны залға әкеп кіргізерде,
Келтіріпті дөңкиген тақ кедергі...
Қос жанарын мадонна жаққа қадап,
Табынған Август-III, хаққа балап
... «Ұлы Рафаэль келеді, жолды босат!» -
Депті ғой өзі отырар таққа қарап.
Шайқалта алмас шындықтың шырқын егес,
Көркемдікке қуанып, кім түлемес?!
Шуақ төккен шынайы сұлулықты,
Мойындамау, тіпті де мүмкін емес!
Жүректен жарып шыққан жалын мына,
Ығыстырған орнынан тағыңды да.
Мансұқ еткен алтынды, лағылды да,
Қасірет пен баянсыз бағыңды да.
Тағдырың ащы-тұщы татырар дәм,
Әр кеудеде әр қилы жатыр арман.
Жалғыз ауыз сөзі үшін жалғандағы,
Кейінгіге корольдің аты қалған.
Айтқанымыз мысал ғой, мысал ғана,
Талант көрсең талабын тұсаулама.
Жаратты ерек өнерді жаратылыс,
Қанат керек құс үшін, ұшарға да.
Ән қылатын, өмірді нұрға бөлер,
Қандыратын көңілді сырға нелер.
Сәнімен де, ұғынтар мәнімен де,
Бәрінен де жоғары тұрған өнер!