КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ҚҰДЫҚ
Тап болдың түзде кенеттен,
Бабамның көзі – құдығым.
Жұбату айтам не деп мен,
Қай жаққа кеткен тұнығың?!
Ауызын ашқан әйкелің,
Бірдеңе маған айтпақтай.
Тулап бір кетті-ау, қайтемін,
Балықтай жүрек, жай таппай!
Нұр шашты саған қаншама,
Желкенін жайған күн-кеме.
Тұмшалап ғасыр алса да,
Ұғынам сені, үндеме...
Тас емшек мінез танытпай,
Әркімге болдың аяулы-ақ.
Суында алтын балықтай,
Түндерде, жатты-ау ай аунап...
Құтым-ай, жатқан даламда,
Қабырғаң талдан өріліп.
Шалқыған шалқар шаранда,
Бұлт жүзген аспан көрініп.
Тартылып қалып, таң қылдың,
Жоқ енді...
Елес, бәрі де...
Тірлікте қатал тағдырдың,
Ілінген жандай кәріне.
Жатырсың мұнды пішінде,
Жапанда үнсіз, жақ ашпай.
Қураған, түк жоқ ішінде,
Бейне бір кеуек ағаштай.
Сарықтың берер сыйынды,
Қандырып шөлді, соңғы рет.
Соңғы рет шыққан иінді,
Жасындай көздің мөлдіреп...
Жан біткен саған жүгіріп,
Болдың ғой базар күнінде.
Сусаған шақта, шұбырып,
Бармайды ешкім бүгінде.
Үгілді бордай сабырым,
Шеккендей жапа жалғаннан.
Сақтай гөр өзің тәңірім,
Керексіз болып қалғаннан...
Сарсылды талай табандар,
Сор тартқан мынау соқпақпен.
Қалдырған ұмыт адамдар,
Сабамды тұрмын жоқтап мен.
Тыншырмын қалай, сыр ұқпай,
Сезім – құс ұшты шарқ ұра...
Кетермін мен де құдықтай,
Барымды беріп халқыма!