ҚАЛАМҚАС
Сар далада сар желіп, сағым ойнаған,
Қаламқас апа халқының қамын ойлаған.
Бағзы заманның беймәлім баянын іздеп,
Маза бермейді масадай, қалың ой маған.
Ұшқан жебедей садақтың адырнасынан,
Көз жазып қалған аймағым қарлығашынан.
Жалт беріп асау тұлпардай жалған дүние,
Қазығын тауып жатыр ма, қабір басынан?!
Қанды шайқастан қаймықпай атына қонған,
Қиын кезеңде болсам деп халқына қорған.
Осы жырымды өзіңе бағыштап едім,
Жұлдыздай ағып жол тартсын, жарқырап ойдан...
...Жалыны жұттың келеді жағалап алдан,
Қайран да жұртын қасқырдай қамалап алған.
Жұтаған елдің жұмырын жұбатып жүріп,
Жасындай тиді жауға да, жағадан алған.
Қаламқасты айтып, жайлады таңданыс маңды,
Азамат ерге лайық ар-намыс бар-ды!
Олжалап жүрді, киікті қуып әкеліп,
Ордың ішіне шанышып нар қамыстарды.
Басталды, міне толғантқан тағы да бір күн,
Басталды дейсің толқындай ағыла сүргін.
Соры ма, әлде бағы ма – аллаға аян,
Келеді бәрі, көміліп шаңына қырдың.
Топырлай құлап, киіктер қалды да алдында...
Қанат біткендей тұлпары қарғығанында,
Қапелімде қайтесің, қапы кеткені,
Аты жетпеді аранның арғы жағына.
Тіршілік оты сөніпті таралып жанған,
Өкініш пенен үміттен жаралып па арман?!
Кеудеден өткен қамыстың сүңгідей ұшы...
Көгілдір көкке қос жанар қадалып қалған...
Қадалып қалған... қыз-ғұмыр қызығы қашқан,
Үзіліп барып, бақидың үзігін ашқан.
Үзіліп қалып... көзінен мөлдір тамшылар,
Жабырқау ғана жылайды, жүзі мұңды аспан.
Құрсаулап алып, беймәлім құдірет мені,
Жадымда бәрі: сыр айтып, күбір еткені.
Санамды шарлай жөнелді ширығып тұрған,
Соңғы бір сапар... Соңғы дем... суреттері.
Шабуыл салып, шалғайға шығынып күлкің,
Қиындықтардан көрмеген бұғынып бір күн.
Нәп-нәзік гүлдей шығатын тасты да жарып,
Қайсарлық деген не екенін ұғынып тұрмын!
Ел-жұртын сүйген, бар жүрек іңкәріменен,
Бозащы бойлап самғаған сұңқары дер ем.
Найзасын ұстап, топ бастап түзді бетке алып,
Түсіме кіріп жүреді тұлпарыменен.
Шаншыла өскен шынардай дара шыңдағы,
Намысты ту ғып көтерген бабасындағы.
Халқы үшін туған, қазақтың қаһарман қызы –
Қаламқас апа, жүректе қаласың мәңгі!