26.07.2022
179
СЕРГЕЙ ЕСЕНИНГЕ СЫР
Өңім сары, менің-дағы көзім көк,
Ұқсар ма екен бірақ саған сөзім тек.
Қала алам ба жүректерде,
білмеймін,
Сала алам ба сен сияқты сезімге от.
Дей көрмегін, о, Сері аға,
карта ашты,
Міне, міне... әуенімнен әр қашты.
Қайран жүрек тыншымайды кеудеде,
Мас толқындай ұрғылаған жартасты.
Ғұмыр қысқа, келте сапты қамшыдай.
Бұл бір нұсқа, алса жақсы-ау жан шыдай.
Өтті менің өлең жазбай думанмен,
Көп күндерім құмға, құмға сіңген тамшыдай.
Әуейі боп сұлулармен қылықты,
Бозбала шақ бұғалықсыз жүріпті.
Шу асаудай жүргенімде шапқылап,
Өмір өзі салды уақыт – құрықты.
Жетер енді!
Жетті, біраз шырқадым,
Көзімді ілмей қарсы алайын жыр таңын.
Өмірімнің өсуі үшін егіні,
Көңілімнің бороздасын жыртамын!