КҮНДЕР-АЙ
Қайран менің, қазына – күндерім-ай,
Біз де жүре бермеспіз, бірге бұлай.
Қобыз сынды кеудемнің қылын шертіп,
Жай таптырмай жаныма жүргенін-ай!
Көңіл шіркін шапқан күн Құлагердей,
Шаттанған жоқ ешкім де мына мендей!
Тарттырмастан тізгінін ол да кетті,
Жарқыл қағып жанарда тұра бермей...
Жоқты мұңға түсіріп, байды сынға,
Күндер, күндер – тосады қайғысын да.
Кім кетпеді, бір қайран қыла алмастан,
Ақкөз ажал сілтеген найза ұшында!?
Күндер есте, елітіп, есімді алған,
Асау аттай жалт берер, есіл жалған!
О, күндер-ай, ғасырлар қойнауында,
Керуендей тізіліп көшің қалған...
Кей күнімді ойға алып, күмілжимін,
Жеңілдетіп алыппын жүгін мидың.
Қамсыздықтан қарымта қайтармаққа –
Күбірлеймін, басталып бүгін күйбің.
Сана сотым әр күнді сараламақ,
Сараламақ... тергемек, қараламақ.
Өткен күнді отырам, оңашада,
Таспиықтың тасындай санамалап...