26.07.2022
  101


Автор: Медет Дүйсенов

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНДЕР

Қонады басқа қар да ұлпа,
Солады бір күні гүл өңім.
Періште сәби қалпында,
Қалады жалғыз жүрегім!..
***
Өршісе дұшпан өсегі,
Аяқтан шалар бір күні-ақ.
Тамшы да тасты теседі,
Тынымсыз тұрса ұрғылап.
***
Жалындап жастық жүр оты,
Қадірін кештеу ұғармыз.
Сағынтар сонда: жүректі,
Шымырлататын шынар қыз.
***
Қалады-ау көңіл кетіле,
Жүргенде жайнап, құшып нұр.
Ақ сүттей сезім бетіне,
Кеткендей қиқым түсіп бір.
***
Қалмассың осы қалыпта,
Өзгерер бәрі, өзгерер.
Қадірің қанша халыққа,
Қарттыққа жетсек көз көрер.
***
Мінезіміз әрқилы деп кеңесте,
Беретіндер бар-ау орын егеске.
...Қос ішектің екі түрлі бұрауы,
Бір қосылып, күй шертеді емес пе?!.
***
Шарлап, ғұмыр-шақырымды жүздеген,
Гүл-өмірдің жұпар нәрін іздеген.
Аңдағанға әрі тәтті, әрі ащы,
Бал арасы сияқтымыз біз деген!..
***
Өзім жоқта, домбырам да құр тілсіз,
Бір тартылар күнін аңсап тұрды үнсіз.
Кейде осы домбырадай түнерем,
Жүрген шақта, жалғыз қалып құрбымсыз...





Пікір жазу