ХИРОСИМА ҚҰРБАНДАРЫ
Жел қуалап сабаңды аңыздағы,
Тітірентер денені таң ызғары.
Көшелері керіліп Хиросима,
Тәтті ұйқыдан оянды тамыздағы.
Көкжиектен көрісті күн де күле,
Дидарласып адамдар дүрмегіне.
Қол ұстасқан көңілді көк өрімдер,
Көктей солып қаларын білмеді де...
Қас-қағым сәт... апаттың шүйілгені,
Ұйығына өлімнің үйіргелі.
Өрмеледі дию-бұлт будақтаған,
Дөңгеледі ажалдың диірмені.
Аузын ашып, ас күткен аш қарынға,
Аунағандай аждаһа, аспанында.
Түскен атом бомбасы түнек тұтып,
Талақ етіп ұшырды тастарын да.
Құландайын жеріген өз қағынан,
Жан сауғалап барады боздақ ұлан.
Сәбиімен сорлы ана сұлап түсті,
Құтқармады құбыжық көз қарыған.
Қасіреттен қабарып көк те жүзі,
Адам тәнін шыжғырды от теңізі.
Қарағайлар көмірдей көңірсиді,
Қоламта боп, өртеніп кеткен ізі...
...Жылдар өтіп, кірсе де қала сәні,
Жазылып та біткен жоқ, жарасы әлі.
Кейбіреулер көгілдір кеңістікке,
Қорқынышты үреймен қарасады.
Хиросима осылай күн кешуде,
Бұлақ қайта жүгірді жүлгесінде.
Мүзейі бар, қаланың күлге айналған,
«Бейбітшілік бағының» іргесіңде.
«О, адамзат, еске алып тұршы мені!»-
Дегендей-ақ, сол музей күрсінеді.
Отқа жанған адамның терілерін,
Көргенінде жан-жүйең түршігеді.
Айырылды да адамзат мазасынан,
Бел қайысты құрбандар қазасынан.
Төбе шашы тік тұрды дүниенің,
Нагасаки жанының назасынан.
Сезім – көлдің, тұнығын шайқағандай,
Бұлқынады жүректер жай таба алмай.
Тыныштықтың бесігін тербетеді,
Өтсе екен деп, сол сұмдық қайталанбай!