26.07.2022
  90


Автор: Медет Дүйсенов

АПТАП

Соқты-ай кеп ыстық аптап бір,
Шоқ дерсің мынау аппақ нұр.
Жел – бота, дала – інгеннің,
Желінін сорып қақтап тұр.
Шығар-ау шөлден шын безген,
Барады киік құм кезген.
Сортаңға шыққан сораңның,
Сорасы ағып тұр көзден.
Домна – күн жалын шашты да,
Кетердей еріп тас мына.
Тығылды қорқақ көлеңке,
Табанның келіп астына.
Жалындап кеткен жалғанды-ай,
Өнері тағы бар қандай?
Сексеуіл біткен селтиіп,
Таңырқап қарап қалғандай.
Мұндайда жанға жол сын тек,
Қинала күнге қол сілтеп.
Күбірлеп атам келеді,
Жолаушы аман болсын деп.





Пікір жазу