26.07.2022
  99


Автор: Медет Дүйсенов

БАБА ДАЛА

Дауылдар соққан далам-ай берендей берік,
Қилы заманның кәріне емендей көніп.
Шексіз төсіңнен шықпақ боп шарлағандардың,
«Темір етігі тозыпты тебендей болып!..»
Қасарған жауың жете алмай пырақтарыңа,
Көмейі толған кептеліп құм, аптабыңа.
Топырағыңда тот басып, қайқы қылыштар,
Қайта салынбай қалыпты қынаптарына.
Көргенде сені кетемін түлеп бір қандай,
Қарамау сірә, мүмкін бе жүрек нұрланбай?!
Кесесін ұстап қолына тас мүсіндерің,
Тәңірісінен тыныштық тілеп тұрғандай...
Қарауыл қарап тұлғалы тұрар құздарың,
Тәрізді, батыр Тоныкөк, Тұмар қыздарың.
Кең пішілген шапандай кеңістігіңде,
Қайнап жатыр-ау қайнардай жыр-аңыздарым.
Тірлікте мынау шалқымас даламсыз нұрым,
Толғанып жүрем, жоқ менің алаңсыз күнім.
Қорым басында сорайған қыналы тастар,
Фәни жалғанның айтады баянсыздығын.
Баянсыз бәрі, көшпелі сағымдай анау...
Мәңгілік дала, сөнбейтін шамын жағады-ау!
Дақ түсірмей арымдай дарқан далама,
Борышым болсын – базарым, бағымды аялау!
Көңілімде күй ойнар бұлақтарынан,
Мұзарт шыңында мен шығар мұрат бар, ұғам.
Бақытымның бастауы - баба даламда,
Киелім, сенен бойыма қуат дарыған!





Пікір жазу