26.07.2022
  130


Автор: Медет Дүйсенов

БОЗАШЫ

Қолтығын сөгіп тұлпардай жазар құлашын,
Бозашым менің, бұл сенің базарлы шағың!
Шаттығындай тасқындап қара дария,
Шуағын төгіп жарқ еткен жанарға ұсадың.
Асыққан жарық жаһанға арынды ағыстан,
Түлейді күнде дүбірлі таңың дауыстан.
Көргенде сені көңілім самғайды көкке,
Айдынды шайқап, аққудай мамырлап ұшқан.
Маңғыстау-ана құшағын мекен еткелі,
Сен жаққа жүрек жүреді жетелеп мені.
Желге еріп кеткен көшпелі шағылдарындай,
Балалық шақтың бақыты екен өтпелі.
Боз отау болып тігілген бұйрат құмдарын,
Жанымның іңкәр сағыныш жырлаттың әнін.
Елестетемін бірге өскен еліктей қыздың,
Қия алмай қарап, орамал бұлғап тұрғанын.
Мерейлі күнде қияға қалықтар мекен,
Өзіңді ойлаудан асатын бақыт бар ма екен!
Мақпал түннің өңірін зерлеген оттар,
«Жібек жолында» шашылған жақұттар ма екен?!
Боларсың ұрпақ ерлігін, сірә да, күткен,
Бойладық бүгін тереңде мұраңа бүккен.
Өзегіңде өлең – мұнайдың өзені шалқып,
Тебіренеді жыраудай мұнара біткен.
Тұғырына енді даңқтың тұрақтар кезің,
Сұлу дүниеге сазыңмен сыр ақтар өзің.
Баршаға-дағы дабысың жетіп жатса да,
Қаншама әлі ашатын бұлақтар көзін?!
Бейнелер асқақ тұлғаңды сөз ғана берен,
Бозбала жастық бірге жүр боз даламенен.
Асықпын саған, мәңгілік ғашықпын саған,
Көкірегімнің күйлерін қозғаған әлем!





Пікір жазу