АҚЫНДЫ ЕСКЕ АЛУ
Жырың ба екен алаудай,
Жарқылы сонау мұнаралардағы оттардың?
Арманшыл жүрек қалайша ғана тоқталдың?!
Атыраудай шалқыған естіп те жүрміз әуенін,
Сен айтып кеткен төкпе әннің...
Әр өлең жолың – лүпілдеп соққан жүректей,
Мүмкін емес-ау, оқымау оны дір етпей?!
Тамырды бойлап, толқын да толқын сезімдер,
Кетпейді жанға гүл екпей.
Толғана қарап елге де, жерге түлеген,
Нөсерлі жырға айналып қазір жүрер ең.
Шығар ма енді, алқалы топтың ішінен,
Биікке өрлеп бір өлең?!
Қайнардай бейне шымырлап тастан шығатын,
Сағыныш сенің, Сағыныш сенің – шын атың!
Маңғыстау десе толғанып жаны тұратын,
Мұнаралы биіктен тауып мұратын.
Қалықтай ұшқан көрем де сені, көз жұмсам,
Сәйгүлік жырдың жалына қолды создым сан.
Кенеттен байтақ дала боп кетсем деймін-ау,
Жұпарын шашып, төсінде өскен боз жусан.
Жанарды арбап жұлдыздар жанған қашық көк,
Жүретін едің, жақсылықтарға асық боп.
Осынау дүние сағынып сені келеді,
Отты жырыңа ғашық боп!