26.07.2022
148
АЛМАТЫДА АҚ ЖАҢБЫР
Алматыда ақ жаңбыр төгіліп тұр,
Көк көбесі кеткендей сөгіліп бір!
Шіркін анау шыңдардың аясында,
Құлпырады-ау шалғынға көміліп қыр.
Қашаған-бұлт, қайрылмай, барғанда ұзап,
Найзағайдың от жібі – салған тұзақ!
Ақ балтырын малып ап ағын суға,
Ару қайың шомылды армансыз-ақ.
Кеуде кернеп саф ауа шырын балдай,
Ақ шымылдық алдымда құрылғандай.
Арнаменен жүгірген ақ бұлақтар,
Қыпша белге құлаған бұрымдардай.
Жаушы жаңбыр, сен жиі жеріме кел,
Шөліркеген даламда егін өнер.
Сарынынан сазды үннің сыр ұғайын,
Толастамай бір сәтке, төгіле бер.
Көңіл гүлін ақ жаңбыр көктетеді,
Өзектегі өлең-ай дерт пе тегі?!
Ақ жаңбыры сияқты Алматының,
Ағыл-тегіл жырлағым кеп кетеді!..