ОЙ
Асығамыз ойлы боп ержетуге,
Алуан ой адамды тербетуде.
Ойдан туып жатады қарасаңыз,
Жақсылық пен жамандық жер бетінде.
Кіру қиын сыналап жұрт ішіне,
Білу қиын бір қарап күлкісіне.
Жылмаң қағып жайдары жүр пішінде,
Жетпіс екі айлалы түлкісі де...
Ой жетеді, көз жетпес ғарыштарға,
Даңқ әкелер дарынды ой данышпанға.
Ниеті ауса қараға, қауіптірек,
Тас төбеңнен атылар барыстан да.
Жүргенменен талайды жақын көріп,
Ойлар бізді түрліше жатыр бөліп.
Сан ғасырлық, екшелген халық сөзі,
Ұялайды санаңда ақыл болып.
От алып ой шындықтың шақпағынан,
Жан жадырар жақсы ғой жатқаны мән.
Сындарлы сөз сап құрап сарбаздардай,
Шыға келсін, милардың қатпарынан!
Ой нәр беріп жырдың бүр жарған гүлі,
Мен де соның енші етіп алған бірі.
Келеді адам танытып оймен өзін,
Өледі адам, ойлаудан қалған күні!