26.07.2022
  61


Автор: Медет Дүйсенов

ТАУШЫҚҚА БАРҒАНДА

Бір адам,
Шыға қалғанда
Қыратқа биік, ең ірі –
Таушық деп атай салған ба,
Тау деуге қимай көңілі!
Мен үшін шыңсың жаһанда,
Қиялды тұрған өрлетіп.
Бастайды алыс сапарға
Жүректен саған жол жетіп.
Өмірге келіп, ер жеткем,
Өзіңнен ыстық жоқ мекен.
Сезімді талай селдеткен,
Сұлулар қайда кетті екен?
Шығар ма достар қарсы алып,
Жайраңдай күліп барлығы?
Асығып келем ән салып,
Жайқалып шаттық шалғыны.
Елжірей қарап елтемін,
Көрінсе Таушық төбесі –
Көтеріп кетер желкенін
Көңілдің жүзіп кемесі.





Пікір жазу