26.07.2022
125
ҚЫРДАҒЫ ГҮЛДЕР
Құлпырып жатқан қырдан бұл,
Гүл терсем деп ем, не керек!
Қауызын ашып тұрған гүл –
Қанатын жайған көбелек...
Шақырып қырдың гүлдері,
Көбелек келіп қонады.
Жараса кетіп түрлері,
Аумаған гүлей болады.
Сөйлейді сезім – сырнайшы,
Гүл термек ойым шатысты.
Көбелек қайсы, гүл қайсы,
Айыру қиынға түсті.
Көбелек – қиял қалықтап,
Гүл өсті менің жаныма.
Жоғалдым көкке шарықтап,
Оралдым балғын шағыма.
Толғандырып-ақ тұр үнсіз,
Жаным-ау, неткен нәзіктік!
Тірлікте мынау тынымсыз,
Бағаңды, бәлкім, аз ұқтық.
Үзуге батпай барамын,
Сұқтануменен шектеліп.
Ұшқандай, дарқан даланың
Гүлі де көбелек болып!