ҚАЙДАСЫҢ, АҒА?
(Досбайға)
Жай түсіп жастық сайранға,
Кетіпсің қанды майданға.
Жезтырнақтарын жауыздық,
Жеріме қарай жайғанда.
Сұм соғыс өлім төккенде,
Қимай да қарап көктемге.
Шайқастың қару асынып,
Бозбала шаққа жеткенде.
Тыңдадық түрлі естелік,
Қырғынды сендей кешпедік.
Ойсыз да қамсыз кезімнен
Қаламын кей сәт сескеніп.
Өртін де білмей жылдардың,
Өтінде жүрмей ызғардың.
Шуағы сүйіп Жеңістің,
Бейбіт күн сенде бүр жардым.
Құртқым кеп жауды менің де,
Атылды оқтай кегім де.
Сұмдықты соғыс әкелген,
Сезіндім есейгенімде.
«Ақ көкем жылдам келсе еді!» -
Мұң басты жастай еңсені.
Сағыныш шоғын сөндірмей,
Жоқтадым, аға, мен сені.
Қаттысы-ай, пәни-жалғанның,
Тәттісі-ай шіркін арманның.
Өзіңе теліп бір қызды,
Жеңге қып іштей алғанмын.
Ағылды жылдар, ағылды-ай,
Тоқтатар бір күш табылмай.
Бейтаныс бейнең бұлдырап,
Жеткізбей қойды сағымдай.
Батысқа қарай жол өрген...
Көп сырлар жатыр көнерген.
Жоқсыңдар, кеткен боздақтар,
Қиянда қалған Керелден.
Келсеңші, аға, қайдасың?
Жабырқау жаным жайнасын!
Жолыңа жұпар гүл төсеп,
Жаяйын шаттық жаймасын.
Елестеп көзге нар тұлғаң,
Қиялым талай шарқ ұрған.
Келеді әлі көңілім,
Нәрестеге ұқсап талпынған!..