БӘРІ ДЕ БОЛҒАН
Болған бәрі, толған-ды жаным уға,
Жаралғаннан жоқ едім жағынуға.
Аттатпады Намыстың алдаспаны,
Қала бердім құйылған қалыбымда.
Болған бәрі, толған-ды жаным уға,
Көзі жасты көгімдей, қамығу да.
Кеудемдегі жылытқан Үміт оты,
Жібермеді жанымды жабығуға.
Болған бәрі, толған-ды жаным уға,
Сарылу да, зарығып сағыну да.
Ақ періште Арманым қолын созып,
Тартып алды, тастамай тағы, мұңға.
Болған бәрі, толған-ды жаным уға,
Кейігенмін, шақ қалып жарылуға.
Шақырды да дана шал Сабыр деген,
Алып кетті ашудан арылуға.
Болған бәрі, толған-ды жаным уға,
Бола бермек, себеп жоқ жанығуға.
Үміт, Арман, Сабыр мен Намыстардың,
Ұмтыламын жанынан табылуға.
Бейне бүгін ештеңе болмағандай,
Жүріп келем, тірлікте жолда қалмай.
Қойғанын-ай жүректі күпті қылып,
Жұмбағымен,
алда әлі болмаған жай...