26.07.2022
  118


Автор: Медет Дүйсенов

БЕКЕТ АТА

Ұлылығыңды, ойланып ұлың сезінсін,
Сырым да өзіңсің, жан ата, пірім де өзіңсің!
Мәңгілігіңді паш етіп жатқанда елің,
Жүрегімдегі қалайша жырым көз ілсін?!
Құлын шаттығым шапқылап, шұрқырасқандай,
Аңызға айналған айбыным, жұртыңа асқардай.
Жаныңды жайып жебедің, жылаған жанды –
Жаңбырын төккен, қам көңіл жыртық аспандай.
Беренді жасақ сияқты болды өлеңің де,
Сағымды жұттың су етіп, шөлдегеніңде.
Күрік бас жауың қайтыпты амалы құрып,
Асу бермейтін мұзарт боп көлбегеніңде.
Алланың нұры сәруар жауды да саған,
Ғұлама болдың! (Білімсіз, мандымас адам.)
Мешітің анау, арттағы ұрпақтың қамы,
Тағзым етемін Төзімге тауды қашаған.
Атыңды атап атойлар ұран қанымда,
Асқақ мұратың бүр жарып жүр арманымда.
Маңдайындағы Меккесі Маңғыстауымның,
Мінәжат етем мен саған мұңайғанымда.
Киелі едің, жарылқар, жанды дем беріп,
Келешек күнді тұратын алдымен көріп.
Нарыққа қазір, өзіңдей нар тұлға керек,
Қорғаштап жүрер нашарды, әулием болып.
Ашылған гүлдей, алғаусыз күліп алсақ та,
Асылық айтып, дей алман мұңым алшақта.
Санамда менің, жалғыз сөз: «Ия, Бекет!» деп,
Жар салып тұрар, жанарым жұмылар шақта!..





Пікір жазу