26.07.2022
  107


Автор: Медет Дүйсенов

ҚАШАҒАН

Жайлаудың әсем бір күні,
Жатқан-ды жусап жылқылар.
Тұзақтап тағы жылқыны,
Тарқайтын болды бір құмар.
Жылқышы әйгі ісімен,
Тасалап жетті, тығыла.
Үйірлі жылқы ішінен,
Қашаған қашты шығына.
Тұяғы тисе пергілеп,
Жазылып төбе аунайды.
Жалаудай жалы желбіреп,
Қанатты құстай самғайды.
Азынап желден күй ақты,
Кеудені соға құйылып.
Түсетін бүркіт сияқты,
Барады жігіт шүйіліп.
Көз көрім жерді шаң қылып,
Құйғытқан ақбоз ат қандай!
Артына ізін қалдырып,
Құйрықты жұлдыз аққандай...
Бостандық қана, шығар, бақ,
Тұлпардың жайын кім ұқты?!
Шалдыртпай кетті шығандап,
Салдыртпай кетті құрықты!..
...Тастады-ау шоғын сезімге,
Қимылы, қайсар дүлейдің.
Соңына түстім өзім де,
Ұстатпай жүрген бір ойдың!.





Пікір жазу