АҚСҮЙЕК
Не жетсін-ай қиялға, сірә, қырғи,
Көкіректі кернейді бұла бір күй.
Ақсүйекті босқа іздеп әуре болған,
Құрбыларым ойымда тұрады ылғи.
Отты жастық,
Өткенбіз өткеліңнен,
Көңілдесің, қайырылмай кеткеніңмен.
Үкі таққан бейне бір ақ сәукеле
Ақ боз үйлер... түтіні көкке өрілген.
Шалғынға аунап шыңырау суын ішкен,
Күндер есте, Толғанам тынып іштен.
Ару әлем... Ақсүйек...
Ару қызбен
Айлы аспанның астында жүгіріскен.
Жүрегімнен ағылып сырлар шырын,
Жанарыңның сүйегінмін тұнған шығын.
Кеттім білем сезініп өзімді мен,
Алпамыстай қорғаған Гүлбаршынын.
Кеудемізде бұлқынып тасты бұлақ,
Екеумізге құшағын ашты құрақ.
Жебедей боп әуеде бара жатты,
Ақсүйектің орнына тас зымырап.
Құмырсқа бел іздер-ай шағылдағы,
Бекер болды-ау достардың сабылғаны.
Кім біліпті қалтамда жатқанын ол,
Табылмады ақсүйек, табылмады...
...Жігіт болдық жүрмейміз бірге күнде,
Бөлінбестей көруші ек ірге мүлде.
Жоқ қараған жолаушы секілдіміз,
Сан тараулы тағдырдың сүрлеуінде.
Қайран жастық қалайша қалсын өтпей,
Өмір мәнсіз – үмітті талшық етпей.
Әркім іздеп кеткендей армандарын,
Табылмаған әлгі бір ақсүйектей...