26.07.2022
  77


Автор: Медет Дүйсенов

Аппақ нұр айдан саулайды...

Аппақ нұр айдан саулайды,
Құшады соны қыр, далам.
Көлдегі жарты ай аумайды
Қалқатай таққан сырғадан.
Күндізгі шудан шаршаған,
Жағажай жатыр түс көріп.
Ғашық боп жерге аңсаған
Бір жұлдыз төмен түсті еріп.
Рақат табар жан мұнда,
Шалғынның иісі сіңеді.
Ақ қайың анау алдымда –
Арудың созған білегі.
Жолығам іңкәр арманға,
Бір тәтті қиял тербейді.
Жауыздық бар деп жалғанда
Жүрегім әсте сенбейді.
Толғанам ғажап өмір деп,
Жаратқан неге келте қып?!
Көрігін кенет жел үрлеп,
Қымтанды аспан көрпе-бұлт.
Жартас тұр қарап үңіле,
Жоғалды сурет жырға бай.
Алдамшы ма едің, дүние,
Судағы «алтын сырғадай»?!





Пікір жазу