26.07.2022
  91


Автор: Медет Дүйсенов

АЛТЫБАҚАН

Алаулы от. Анадайда алтыбақан,
Алтыбақан сауық қой халқыма тән.
Ағынымен сезімнің шырқ үйіріліп,
Шырақтарын жанымның жарқыратам.
Тұр біздерге қаншама көз қадалып,
Қолыңды бер, кел, қалқам, қозғалалық.
Айлы түнде құрылған алтыбақан,
Бесігіндей көрінсін бозбалалық.
Дауыл тұрсын екпіннен, тербегесін,
Астымызда жұмыр жер дөңгелесін.
Аласұрған толқынмен алысайық,
Жастық шақтың мініп ап жел кемесін.
Бір қосылып шырқадық әнді ұнаған,
Қимас жан боп қалсаңшы мәңгі маған!
Уылжыған алмадай бақшадағы,
Ақ жүзіңе қараймын албыраған.
Дарқан көңіл көсіліп даламыздай,
Бас айналып шаттықтан барамыз ба-ай!
Шашу етіп шашады жұлдыздарын
Аялы аспан аяулы анамыздай.
Айтылмаған жүректе сырды аңдатып,
Алтыбақан теуіп ек думандатып.
Көңілімнің көгінде әлі тұрсың,
Он төртінен толықсып туған Бақыт!





Пікір жазу