26.07.2022
  106


Автор: Медет Дүйсенов

Өп-өтірік аяғыңа бас ұрып...

Өп-өтірік аяғыңа бас ұрып,
Жүр біреулер амал-айла асырып.
Алаңдаймын осыларға өз басым
Қала алмаймын ренішті жасырып.
Сонда-дағы үмітімді үзбеймін,
Өнбойынан бір ізгілік іздеймін.
Бірі дана, бірі шала...
«Неге осы
Ала-құла болдық екен біз?» деймін.
Мазасызбын,
Тебіренем, беу, неге?
Сезім көлі толқиды кеп кеудеде.
...Тірлігіңде бақытты етсең бір жанды,
Болады өзің бақыттымын деуге де.
Түзелгенді көрсем қырсық қалпынан,
Шаттанамын, жүрегімде шалқып ән.
Алақанның аясындай арманды,
Аспанымдай үлкейтуге талпынам!





Пікір жазу