СЫҒАН ҚЫЗЫ
Қылын шертіп жүректегі бір сырдың,
Ей, гитара! Неге сонша күрсіндің?
Неге ғана мұңаясың, гүл сындым,
Мойыл қара көздеріңде күлсін күн.
Ақырғы әнін қатқан шақта жырлап күз,
Бақта қалай жүрсің жалғыз, жұмбақ қыз?
Бал әуенге буындарым балқыды-ау,
Тартшы тағы, бұлбұл сазын тыңдатқыз.
Түс көргендей... сияқты ма жоқ демім,
Кешкендеймін жастығымның көктемін.
Үзілмеуін тілеп тұрмын үздігіп,
Жеті ішектен жанды баурап жеткен үн.
Өкпелі ме мазағына бір сұмның,
Төккені ме әнмен мұңын, білсін кім?
Куә болып қыз сырына кенеттен,
Қасына кеп қалғаныма қысылдым.
Өмір жолы сан тарау ғой, әр қалай,
Тағдыр тұрмас бұрымыңдай тарқамай.
Мұңды қой да, жырыңды ойна жайдары,
Жанарыңа жас үйірме, қалқам-ай.
Берейін деп өміріңе бал ашып,
Жымиясың... құлын мүшең жарасып.
Жылымына тартып бара жатқандай,
Қара құрдым сияқтанып қарашық.
-Мен айтайын! Тұрсыз да ғой түсініп...
...Қызыл арай өңіңде ойнап, қысылып:
Жаңа ғана жарған гүлдей қауызын –
Алақанын ашты маған ұсынып.
-Жолың мейлі қиғаш тартсын, керілген,
Көрінбейді қайғы бұлты көгіңнен.
Дүниеге келгеніңде-ақ іңгәлап,
Сен бақытқа жаралғансың! – дедім мен.
Солай дедім, шын көңілмен – мөлдір шық,
Мұндай кезде ақыл айту жөн бе, ұрсып.
Сезімге ендің шұғылалы, шуақты,
Көңілдендің тұрмағанға көлгірсіп.
Секілденіп қыпша белді ақ бұлақ,
Жалт бұрылдың, кетті ме бұл қатты ұнап.
...Бара жатты сыңғырлаған күлкісі,
Қуаныштың қоңырауын қаққылап!