26.07.2022
70
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-07-25-19-35-13.png)
ҚҰЛЫҚ
Жарыстық омырауға ап желдің өтін,
Аңызды ақиқат қып ел білетін.
Құлықты кім көп жақса табанына,
Сол жүйрік болады деп сендіретін.
Шаттандым озатындай Құлагерден,
Тапқанмын құлық інін құба белден:
Жымиып құрбы қыздың күлгендегі
Шұңқырдай ақ бетіне шыға келген.
Желаяқ боламын деп жаңсақ ұғып,
Шағылды шарладық-ау сан сабылып.
Қиялшыл өңшең қара сирақтардың,
Қалды екен «сауабына» қанша құлық!
Еске алып күліп қоям анда-санда,
Ыстықсың сол балалық шақ қашанда.
...Жүгіртіп қояды екен қайран өмір,
Құлықты табаныңа жақпасаң да...